Қылмыстық жазаға тартылмаған: ШҚО-да спортшыны пышақтаған төрт полицей қызметінен ғана шеттетілген
Аталған іске қатысты сот ісінің жүріп жатқанына бес айдан асты

ШҚО Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында ережесіз жекпе-жек чемпионы Бақытбек Шотабаевқа еш себепсіз пышақ сілтеген құқық қорғау қызметкерлері қызметтерінен шеттелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осыдан бірнеше күн бұрын Бақытбек Шотабаев редакциямызға хабарласып, құқық қорғау қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалмай жатқанын айтып шағымданған. Аталған мәселеге қатысты ресми сауалымызға Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті төмендегідей жауап берді.
«Тергеу барысында аталған қылмыстық әрекетке жол берген Тарбағатай аудандық полиция бөлімінің төрт қызметкеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 30.11.2021 жылы ШҚО ПД-ның бұйрығымен құқық қорғау органдарының беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық жасаудан көрінген, қызметтік тәртіп пен заңдылықты өрескел бұзғаны, «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 1-бөлігі 5,7-тармақтарының, «Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің» 2-тарауы 5-тармағы 2,7,1,13-тармақшаларының талаптарын елемегені үшін «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағы 13-тармақшасы негізінде Ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды», - делінген хабарламада.
Спортшы екі күн бойы аудандық полиция бөлімі арызын қабылдамай қойғанын айтқан болатын. Белгілі болғандай, факті 30 қарашада тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелген.
«ШҚО ПД ӨҚБ-ға 2021 жылдың 30 қарашасында азамат Б.Шотабаев Тарбағатай аудандық полиция бөлімінің қызметкері полиция старшинасы Д.Қамзинның 28.11.2021 жылы сағат 00-30 шамасында оған пышақпен дене жарақатын келтіруге әрекеттенгені туралы хабарлаған. Аталған фактіні ШҚО ПД ӨҚБ 2021 жылғы 30 қарашада ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі 2- тармағымен №216369031000086 сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркеген. Қазіргі уақытта Б.Шотабаевтың арызы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалы ШҚО ПД ӨҚБ-ның өндірісінде. Қылмыстық іс бойынша жан-жақты тергеу әрекеттері жүргізіліп, процестік шешім қабылданатындығын хабарлаймыз», - деп жауап берді департамент басшысы М.Сағдолдаев.