«Төбеден су сорғалап, жертөле көлге айналды»: СҚО-да мембағдарламамен салынған үйдің тұрғындары шағымданды
Тұрғын үйдің тапсырылғанына бір жыл да болмаған
Петропавлда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты үйдің тұрғындары шағымданды. Тапсырылғанына бір жыл толмаған баспананың жертөлесі суға толып, тұрғындарды әуреге салып отыр. Оған қоса көпшілік ыстық суға қол жеткізе алмай келеді. Жиі істен шығатын лифт мәселесі де жырға айналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
18 қабатты үй жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Жас өркен» шағын ауданында орналасқан. Нақтырақ айтсақ, Жамбыл көшесісіндегі 49 «а» үй. Бұл Петропавлдағы ең биік ғимараттардың бірі. 2021 жылдың көктемінде мұндағы пәтерлерге талай жыл баспана кезегін күткендер ие болды. Алайда көпшіліктің қуанышы ұзаққа бармады. Биыл тұрғындар алғашқы қысты қиындықпен өткергенін айтып отыр.
«Мен 8-қабатта тұрамын. Қара суықта терезелерден кәдімгідей жел үрлеп, пәтердің іші гуілдеп кетеді. Қыстыгүні үйде сырт киіммен отырдық. Тіпті сол қалың киінген қалпымызда ұйқыға жатып жүрдік. Екі балам бар. Үнемі ауырады. Ыстық су дегенді білмейміз. Ол 6-7-қабаттан жоғары көтерілмейді. Үнемі суық сумен жуынуға мәжбүрміз. Өткен жылы күз айында шатырдан су ағып, жоғарғы қабаттар дымқыл тартты. Оны мердігер компания келіп жөндеген. Бірақ биыл тағы кей жерлерден су ағып жатыр. Біздің мәселемізге құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Мемлекеттік бағдарламамен тапсырылған үйдің түрі осы. Құрылысшы «әкімдік кезегінде тұрған адамдарға осы да жарайды» деген шығар. Өйткені әр шаршы метрін бекітілген бағамен алдық», - дейді үй тұрғыны Қайрат Есмағамбетов.
Көпқабатты үйдің салынғанына жарты жылдан сәл асқан. Яғни кепілдік мерзімі аяқталған жоқ. Мердігер құрылыста жіберген олқылықтарын жоюға асығар емес. Талап бойынша ол өз қаражаты есебінен бәрін жөндеуге міндетті.
Тұрғындардың айтуынша су мәселесінен бөлек лифт те жиі істен шығатын көрінеді. Бірнеше ай күттіріп барып іске қосылған, алайда жұмыс істегенінен бұзылған күні көбірек. Сондықтан жоғарғы қабаттарда тұратындар жаяу жүруге мәжбүр. 18-қабатқа көтерілудің әсіресе балалар мен қарт адамдарға қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті.
«Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші баспананы тұрғызған «Зерттеу-СК» серіктестігінің өкілдері жертөледегі судың пайда болуына еріген қар суы себеп екенін айтты. Құрылысшы ақталудың басқа жолын таппаған сыңайлы.