Қызылордалық қыз-келіншектер лото-клубтардың жабылуын талап етті
Республика бойынша жарты миллион адам құмар ойынның жетегінде жүр
Шиелілік қыз-келіншектер құмар ойынға қарсы жанайқайын жеткізді. Өйткені еркек біткенттің көбісі лото-клубқа үйір. Ұрлық, қылмыс пен төбелес те осы маңда дейді тұрғындар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
«Менің туған ағам 1987 жылғы, сол кісі 3 жылдан бері Қызылордаға вахтаға кетіп, ол жақта ойнап келеді. 15 күн демалғанда күндіз-түні осыдан шықпайды. Қазіргі таңда біз білетініміз, оның қарызы15 млн теңгеге жетті. Әркімнен алдыра берген», - деп күйінеді Шиелі ауданының тұрғыны Сая Мырзанова.
Мәселемен жергілікті билік пен құзырлы органдар жете таныс, бірақ шарасыз отыр. Өйткені кәсіпкерлік құрылымды тексеруге жарияланған мораторий аясында құжат жағын реттеп алған лото-клубтарға бас сұға алмайсың дейді тұрғындар.
«Митинг, акция болса да, мен мұны тоқтатпаймын. Лото-клуб жабылғанша, әр айдың соңғы сенбі күні адамды көбейте беремін осылай. Жаңа Қазақстанға бұл керек емес. Ең бірінші рет прокуратураға арыз тастадым. Аудандық ІІБ, әкімдік, облыс әкімдігіне тастадым. Барлық жерден келген хатта заңды деді. «Сәтті Жұлдыз» деген лоторея деді», - дейді Шиелі ауданының тұрғыны Ардақ Сыздықова.
Ал Маңғыстау облысында тапқан-таянғанын бәс тігу мен құмар ойындарға салып жіберген жігіттің шарасыз әрекеті жаға ұстатады. Бейнеу тұрғыны қазір сот шешімін күтіп үйқамақта отыр.
Көпшіліктің арыз-шағымына сәйкес, 2020 жылы Парламент қабырғасында букмекерлік кеңселердің жайы қарастырылып, казино мен өзге де топтасқан құмар ойын түрлері Қапшағай мен Шортандыға шығарылған болатын. Бірақ сол бәс тігу ұйымдарының жылы орнын осы лото-клубтар баса қойды. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі жекеменшік монополиялық оператордың қызметін реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде Мәжіліске ұсыныс жолдап отыр.
«Лото-клубтарды елімізде қаптатып ашқан ұлттық лоторея операторы – «Сәтті Жұлдыз» компаниясын жабуды көздейді. «Сәтті жұлдызға» қатысты жаңа заң жобасы биыл қабылданады деп күтіп отырмыз. Бұл – тікелей Президенттің тапсырмасы. Содан кейін лотоклубтар мәселесі біржақты болады деген үміт бар. Лоторея енді мемлекеттің қол астына көшуге тиіс. Мемлекеттің қол астында болса, оны бақылау, шектеу шараларын қабылдау оңай болады деп ойлаймын», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.
Тағы сандарды сөйлетсек, республика бойынша жарты миллион адам құмар ойынның жетегінде жүр. Олардың қатары көбеймес үшін Үкімет халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, ойын бизнесінің құйтырқы механизмдеріне тосқауыл болуы керек. Тұрғындардың тілек-талабы осы.