Алматы облысында жауын салдарынан екі ауылдың көшелерін су басты

Azattyq Rýhy

Оқиғадан зардап шеккендер тіркелген жоқ

 
Алматы облысында жауын салдарынан екі ауылдың көшелерін су басты

Толассыз жаңбыр салдарынан Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қоғалы ауылының үш көшесін су басты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда жаңбыр тоқтап, су деңгейі төмендеген.

«22 мамыр күні сағат 17:30-да әлеуметтік желілерге шолу барысында Кербұлақ ауданындағы Қоғалы ауылының көшелерін су басып жатқаны анықталды. Бірақ төтенше жағдай қызметіне су басу жөнінде хабарлама түспеген. Анықталғандай, қатты жауын салдарында Панфилов, Жандосов, Тобаяқов көшелерінен және бір үйдің ауласынан су қатты ағынмен өткен. Үйлердің ішін баспады. Сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, қатты жауын тоқтады. Судың мөлшері төмендеді», - делінген ТЖД хабарламасында.

Оқиғадан зардап шеккендер тіркелген жоқ. Қазіргі таңда ТЖД қызметкерлері мән-жайды анықтап жатыр.

Сонымен қатар Байғазы ауылында жауын-шашын салдарынан өзендегі су деңгейі көтеріліп, ауыл тұрғындарының бірнеше ауласы мен бақшасы су астында қалды.

«Өзен арнасынан шыққан су Абай көшесінің бойымен өтіп, Абай көшесінің бойындағы екі бақша мен тұрғын үйлердің аула аумағын жартылай су басқан. Құрбандар мен зардап шеккендер, сондай-ақ ғимараттардың қирау жағдайы тіркелген жоқ, жағдай тұрақты», - деді ведомство өкілдері.

Оқиғаның себебін анықтау үшін Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ауылдарға аттанды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.