Алматы орталығында қонақүй өртеніп, 57 адам құтқарылды

Azattyq Rýhy

Өрттен құрбан болғандар тіркелген жоқ

Алматы орталығында қонақүй өртеніп, 57 адам құтқарылды

Алматы орталығындағы жанып жатқан қонақ үйден 57 адам құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық ТЖД мәліметінше, 19 мамыр күні сағат 22:21-де «Hotel Plaza Almaty» қонақүйінің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен. ТЖД бастығы полковник Руслан Қасыбаев пен ТЖД күш-құралы Алмалы ауданындағы Қожамқұлов көшесі, 270/120 мекенжайына шұғыл шыққан.

«Өрт сөндіру бөлімшесі келгенде, 6 қабатты қонақүйдің астыңғы қабатында орналасқан саунаның өртеніп жатқаны анықталды. Ғимараттың барлық қабатына қатты түтін тарап, адамдар өміріне қауіп төндірген. Олар терезе арқылы жанұшыра көмек сұраған», - делінген хабарламада.

Өрт сөндірушілер дереу құтқару жұмыстарын бастаған. Өрт сөндіру және іштегі адамдарды құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 42 адам, 14 бірлік техника жұмылдырылды.

Қабылданған жедел шаралар арқылы 57 адам құтқарылды. Құрбан болғандар жоқ.

Өрт сағат 23:25-те ауыздықталып, сағат 23:44-те сөндірілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.