Қорғаныс министрлігі ақтаулық сарбаздың психикалық жағдайына қатысты түсінік берді

Azattyq Rýhy

Бөлім басшылығы сарбаздың өзімен-өзі сөйлесіп жүретінін байқаған

Қорғаныс министрлігі ақтаулық сарбаздың психикалық жағдайына қатысты түсінік берді
Фото: tengrinews.kz

ҚР Қорғаныс министрлігі Ақтаудағы әскери бөлімде мерзімді борышын өтеп жүрген сарбаздың психикалық жағдайына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

Белгілі болғандай, Ақтаудағы 25744 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген қатардағы А. есімді жауынгердің психикасының бұзылуы жайлы әлеуметтік желіде ақпарат тарады.  

2022 жылғы 18 мамырда сағат 12:00-де бөлім басшылығы сарбаздың айналада болып жатқан оқиғаларға түсініксіз реакция көрсеткенін, өзімен-өзі сөйлесіп жүргенін байқаған.   

Болған оқиға туралы сарбаздың ата-анасына хабарланған.

«Сарбаз медициналық тексеруден өткізу үшін облыстық ауруханаға апарылды. Тексеру нәтижесінде (МРТ, мидың КТ) дене жарақаттары мен қауіпті патологиялар анықталған жоқ. 19 мамырда мамандар қайта тексеру жүргізуді жоспарлап отыр», - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Сондай-ақ ҚР ҚМ баспасөз қызметі сарбаздың әскерге күшпен әкелінгені туралы мәліметке қатысты түсінік берді.

«2022 жылғы 4 мамырда әскерге шақырылған А-ға белгіленген тәртіппен шақыру қағазы берілді. 11 мамырда ол шақыру пунктіне келді. Сол жерде оған және оның туысқандарына азаматтың басқа гарнизонға бармай-ақ, Ақтау қаласында қызмет өткеретіні мәлімделген болатын. Бұдан кейін әскерге шақырылушы ретінде А. Қарулы күштердің қатарында қызмет етуге өтініш білдірді», - делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Оқи отырыңыз: Ақтауда әскери бөлімнен қашып кеткен сарбаз қандай жазаға тартылады

Сондай-ақ сарбаздың медициналық тексеруден өткенде денсаулығына ешқандай шағым жасамағаны айтылды.

Қазір оқиғаға қатысты әскери полиция тексеру жүргізіп жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.