«Қайрат Сатыбалды келіп кетті»: Hilton қонақ үйінің қызметкерлері рейдерліктің құрбаны болды ма
Кәсіпкер бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқевқа арналған үндеуін жолдап, көмек сұрады
Алматыда төрт жыл бұрын пайдалануға берілген әлемдік Hilton қонақ үйлер желісінің тағдыры әлі де қыл үстінде тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Дүниежүзінің алты құрлығынан туризм және қонақжайлылық бизнесі үшін 4900 жылжымайтын мүлік салған халықаралық компания біраз жыл бұрын Қазақстан нарығына да келген еді. Осылайша Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан екі мейманхана салуды жоспарлаған. Соның бірін «АБЛИ Құрылыс» компаниясы франчайзинг келісімі негізінде Алматының орталығынан ашуға мүмкіндік алады. Жеке серіктестік 2019 жылдың соңында қаладағы Досмұхамедов көшесінің бойынан DoubleTree by Hilton қонақ үйін іске қосқан болатын.
Бүгін Алматыда осы қонақ үйдің заңды иегері мәлімдеме жасады. DoubleTree by Hilton қонақ үйінің құрылтайшысы Шолпан Каранеева бизнесін елдегі танымал адамдардың бірі рейдерлік жолмен тартып алғанын айтты. Ол керек болса, тиісті органдарға немесе сұрау салған органдарға заңсыздықтың артында тұрғандардың аты-жөнін айтуға дайын екенін мәлімдеді. Кәсіпкер сот органдары өзіне қысым көрсетіп, кәсібін тартып алған тұлғаның есімін атамауды ескерткенін алдыға тартады.
Кәсіпкер бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқевқа арналған үндеуін жолдап, көмек сұрады. Оның айтуынша бұл іске байланысты өткен сот әділ шешім шығармаған. Биыл жыл басынан бері Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен Алматы қалалық соты мүлікті қайтарып алу туралы шағымдарды қанағаттандырмаған.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен кәсіпкермін. Менің Сізге үндеу жолдауыма Алматыдағы DoubleTree by Hilton қонақ үйіне қатысты дау себеп болып отыр. Бұл мәселе біздің елдегі танымал тұлғалардың есімімен байланысты. Алдағы уақытта мен ол фамилиялардың барлығын айтуға дайынмын. Мен олигарх емеспін. Сондықтан бұл қонақ үйді салу ондаған жылдарға созылды. Мен банктерден кредит алдым. Соның ішінде «Capital Bank Kazakhstan» банкі де бар. Кепілдік ретінде құрлысы бітпеген қонақ үй ғимаратын қойып, оны 9 млрд теңгеге бағаладық. Біз ай сайын несиені өтеп отырдық. Тіпті үстемақысын да төледік. Мен уәде еткендей, 2019 жылы бұл қонақ үйді пайдалануға бердім. Алайда жарты жылдан соң 2020 жылы бүкіл әлемді коронавирус дерті жайлады. Локдаунға байланысты қонқа үй жұмысын амалсыз тоқтатты. Алайда бизнесті қолдау үшін Сіз арнайы жарлық шығарып, үш айға несиелерді төлеуді кейінге шегердіңіз. Сосын карантиндік шаралар созылып кеткенде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова тағы да бұйрық шығарып, нақты қонақ үй бизнесі үшін 3 ай жеңілдік мерзімін белгіледі. Бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін айтарлықтай қолдау болды.
Алайда 2020 жылы «Capital Bank Kazakhstan» біздің кредит үшін кепілдікте тұрған мүлкімізді, яғни қонақ үйді коллекторлық компанияға өткізіп жіберген. Шын мәнінде біздің ешқандай қарызымыз жоқ еді. Тек локдаунға байланысты кейінге шегеру жеңілдігін пайдаландық. Оны айғақтайтын барлық құжаттарымыз бар. Осы кезде біз банкке емес қайдағы бір «Қазаэронавигация» РМК-ға тиеселі болып шықтық. «Заңгер» деген атпен құрылған коллекторлық компания басшысы Айгүл Зікирянова Hilton қонақ үйі мен оның барлық мүлкін құрылғанына бір күн ғана болған «Байдалы» деген жеке компанияға сатқан. Соманы екі есе төмен көрсетіп, 5 млрд теңгеге сырттай саудалаған. Біз заңды мүлкімізді қайтарып алу үшін сотқа арыз жаздық.
Құрметті Президент, мен сізге біздің қонақ үйдің 150 жұмысшысының атынан үндеу жолдап отырмын. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі азаматтар да баршылық. Біз әлемдік деңгейдегі танымал қонақ үйді рейдерлік жолмен тартып алғанын ашық мәлімдейміз. Біздің жанайқайымызды тыңдап, заңды әділ шешім қабылдайды деп сенеміз. Мен үш дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері болған Әлихан Қаранеевтің анасымын. Маған және менің отбасымның осы мәселесіне назар аударуыңызды сұраймын», - дейді Шолпан Қаранеева.
Бұл мәселе туралы Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі бұдан бұрын жазған еді. Негізгі құрылтайшы қонақ үй салу барысында елдегі екінші деңгейлі банктердің бірінен қомақты несие алады. Қарыз көлемі – 4 млрд 200 млн теңге. Алайда «Capital Bank Kazakhstan» АҚ пандемия кезінде берешек уақытында өтелмеді деген сылтаумен ғимаратты жылжымалы мүліктерімен қосып, сатып жіберген. Алайда бұл әрекетті мейманхана иесі бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу деп бағалап отыр.
DoubleTree by Hilton қонақ үйінің қазіргі қожайындары бизнесті тартып алуға нақты «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-ға Орифджан Шадиевтің қатысы бар екенін айтады. Шолпан Қаранеева миллиардер Патох Шодиевтің жиен інісі алаяқтық жолмен кепілде тұрған мейманхананы сырттай сатып жібергеніне сенімді. Ал Hilton қонақ үйін «Байдалы» деген атпен құрылған жеке компания өз иелігіне алғаны белгілі болған. Қонақ үй қызметкерлері бұл ЖШС-ның артында белгілі кәсіпкер, қазір күдікті ретінде қамауда отырған Қайрат Сатыбалды тұр деп күдіктенеді. DoubleTree by Hilton қонақ үйінде ашылған күннен бері жұмыс істейтін Бекзат Омарова аталған кәсіпкердің былтыр қараша айында келіп, қонақ үйге өз қызметкерлерін орналастырғанын айтады. Қайрат Сатыбалдының серіктері ғимаратқа 6 адамнан құралған командасын әкеліп, басқарушылық қызметтерге қойып, кіре беріс есіктің күзетшілерін ауыстырды, дейді қонақ үй жұмысшылары.
«Мен Hilton қонақ үйінде төсек-орын жуатын бөлімде супервайзер болып жұмыс істеймін. Есімім – Бекзат Омарова. Біз 2021 жылы қараша айында әдеттегідей жұмыс істеп жатқан едік. Бір уақытта заттарды жуатын бөлімге бірнеше кісі кіріп келді. Сосын қасында орамал таққан әйелі болуы керек, соған қарады да «Гүлеке, міне қара осы жер «прачка-срачка» деп таныстырып, қайтадан шығып кетті. Бастапқыда оның Қайрат Сатыбалды екенін білмедім. Кейін телеарнадан және интернеттен көргенде, сол адам екеніне көзім жетті», - дейді қонақ үй қызмектері.
Алматыдағы аты әлемге әйгілі Hilton қонақ үйінің ары қарайғы тағдыры белгісіз. Мейманхананы ашып, қомақты қаржы салған кәсіпкер енді Жоғары сотқа арыз түсірмек. Оған дейін бүгінгі үндеу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құлағына жетіп, құзырлы органдардың істі әділ қарауына ықпал етеді деп үміттенеді.