Алматыда ірі мейрамхананың аспаздары есірткі сатумен айналысқан
Аталған жайттарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Алматыдағы ірі мейрамхананың аспаздары есірткі сатумен айналысқан. Бұл туралы қалалық есірткі қылмысына қарсы күресушілер мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бірнеше апта бойы біз бірқатар жедел ақпаратты тексерумен айналыстық. Күдіктілердің қылмыстық әрекеті расталып, ресми түрде құжатталды. Біз «гашиш» есірткісін жедел сатып алғаннан кейін элиталық мейрамханалардың бірінің аспазы – 1973 жылы туған М. есімді азамат жұмыс орнында ұсталды», - деді Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес Басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Сағындық Аяғанов.
Сондай-ақ күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында екі сіріңке қорапшасынан және сығымдалған гашиш салынған дөңгелек бумадан есірткі заты гашиш табылған.
«Тағы бір жағдайда аспаз әйел есірткі сатумен айналысқан. Алматы облысының Қарасай ауданында 1980 жылы туған Д. есімді әйелдің тұрғылықты жерінен ұнтақ заты бар пакет табылды, оның кімге тиесілі екені сот-химиялық сараптамамен анықталады», - деді Сағындық Аяғанов.
Екі дерек бойынша да ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.