Павлодарлық әйел төрт баласымен далада жалаңаяқ жүрген

Azattyq Rýhy

Кәмелетке толмағандар облыстық балалар ауруханасына жатқызылды

Фото: ашық дереккөзден

Павлодарда төрт баласымен далада жалаңаяқ жүрген анаға көмек көрсетілді. Балалардың аяқ киімсіз, жеңіл киіммен ұзақ уақыт далада тұрғаны туралы көршілері облыстық білім басқармасына хабарлаған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

11 мамыр күні сағат 18.00 шамасында қалалық білім бөліміне Павлодар қаласының  тұрғындарынан үйдің ауласында балалары бар әйел тұрғаны туралы дабыл түскен.  

"Балалардың анасының мінез-құлқы көршілер мен жолаушылардың күдігін тудырған. Көрсетілген мекенжайға дереу Павлодар қаласы білім беру бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандары, құқық қорғау органдарының өкілдері, медицина қызметкерлері шықты", -  дейді қалалық әкімдікте. 

Барлық мән-жайлар анықталғанға дейін кәмелетке толмағандар облыстық балалар ауруханасына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау өңірлік орталығына жатқызылды.

Қорғаншылық органдарының қызметкерлері балаларға немқұрайлы қарамағаны үшін павлодарлықтарға алғыс білдірді.

Басқармада балалардың өмірлік қиын жағдайға тап болу фактілері туралы белгілі болса, «109»  бірыңғай байланыс орталығына немесе 8(7182) 650060 телефоны бойынша облыстың білім басқармасының Сall-center орталығына, полиция бөліміне, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органдарына хабарлауды сұрайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.