Алматы облысында келініне ара түскен зейнеткер туған ұлын өлтірді
42 жастағы ер адам оқиға орнында пышақ соққысынан қайтыс болған
Алматы облысында өзінің ересек ұлын өлтірді деген күдікпен 69 жастағы зейнеткер қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек 7 мамырда Қаратал ауданы Дойыншы ауылындағы жеке үйлердің бірінде болған. 42 жастағы ер адамның оқиға орнында пышақ соққысынан қайтыс болғаны анықталды.
«Ұсталған күдікті кісі өлтіргенін толық мойындады. Өз айғақтарында ол ұлына отбасылық мәселелерді талқылауға келгенін түсіндірді. Қонақта болған кезде қарт адам ұлының әйелімен жанжалына куә болып, келінін қорғауға тырысқанын жеткізді. Ұлы өзіне жұдырық алып жүгіргендіктен, қолына пышақ алып соққы жасағанын айтты», - деп хабарлады Қаратал аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Рауан Әбдірайымов
Қазіргі кезде кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қылмыс құралы айғақ зат ретінде қылмыстық іс материалдарына тіркелді.