ҰБТ барысында 9 түлектің нәтижесі жойылып, 3 қызметші жұмыстан қуылды
Руслан Емелбаев ҰБТ жүйесін ешкімнің алдай алмайтынын ескертті
Қазақстанда 16 мамырдан бастап негізгі ҰБТ басталады. Осы орайда Ұлттық бірыңғай тестілеуі орталығының директоры Руслан Емелбаев мектеп бітіруші түлектерді адал болуға шақыра отырып, ҰБТ жүйесін ешкімнің алдай алмайтынын еске салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ҰБТ орталығының басшысы тестілеуді оңай тапсыру үшін кейбір тестіленушілер әртүрлі қулыққа баруға дайын екенін айтты.
«Наурыз айында өткен ҰБТ-да тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан барлығы 259 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Олардың ішінде 9 тестіленуші тестілеу сұрақтарын суретке түсіріп, оларды телеграм арналарға таратқан», - деп мәлімдеді Руслан Емелбаев.
Бұл мәселе 2 ай бойы толығымен зерттеліп, қызметтік тексеріс жүргізілген.
«Мысалы, тест тапсырмалары қалай тарады, камералар неге ешнәрсе түсірмеген, бақылаушылар қайда қараған деген сұрақтар туындайды. Сол себепті ішкі тексерістің нәтижесінде 9 тестіленушінің нәтижелері жойылып, 3 қызметші жұмыстан босатылды. Іс құзыретті органдарға жіберілді», - деп атап өтті Р. Емелбаев.
Ол WhatsApp нөмірін ашық жариялағалы бері бәрімен тығыз байланыста екенін, сондай-ақ кейбір ереже бұзушылық туралы ақпаратты тестіленушілердің өзі хабарлап отыратынын, олардың академиялық адалдықтың сақталуын қолдайтыны қуантатынын жеткізді.
«Бұл жағдай енді қайталанбайды деп сенеміз. Енді әрбір қатысушының жеке тест нұсқасы болады. Сондай-ақ егер тест тапсырушы бірінші мүмкіндігінде тыйым салынған затпен кіруге талпынса немесе тестілеуде ұсталатын болса, онда ол екінші мүмкіндігін қолдана алмайды. Ал дәл осы жағдай екінші мүмкіндікте орын алса, онда бірінші мүмкіндігінің нәтижелері жойылып, грант конкурсына қатыса алмайды», - деп ескертті орталық басшысы.
Оқи отырыңыз: Биылғы ҰБТ-да қандай жаңашылдықтар болады
Яғни, екі мүмкіндікті пайдаланудың да өз ережелері бар.
«Негізгі ҰБТ-ның алдында тестілеуді тапсыруға көмектесеміз деген алаяқтар көбейіп кететіні бәрімізге мәлім. Алаяқтарға сенбеңіздер, біздің жүйені алдау мүмкін еместіген тағы да бір ескертемін. Тестіленушілерді ереже бұзушылардың іс-әрекетін қайталамауға шақырамын. Тәуекелге бармай, тестілеуді әділ тапсыруға кеңес беремін», - деді Руслан Емелбаев.
Еске салсақ, Қазақстанда негізгі ҰБТ-ға өтінім беру 29 сәуірден басталған болатын. Өтінімдер 14 мамырға дейін қабылданады.