Түркиядағы жер сілкінісінен 20 адам қаза тауып, 1015 адам жарақат алған
Түркиядағы қуатты жер сілкінісінен қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандық азаматтар жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Түркия тарапының алдын ала мәліметі бойынша зілзаладан зардап шеккен ҚР азаматтары тіркелген жоқ», – делінген ведомство хабарламасынан.
Айта кетсек, 24 қаңтар күні кешкі сағат 20.55 шамасында Түркияның шығысындағы Элязыг және Малатья провинцияларында болған жер сілкінісінен 18 адам қаза тауып, 553 адам зардап шеккен еді. Ал соңғы мәліметтер бойынша қаза тапқандар саны 20 адамға жетіп, 1015 адамның жарақат алғаны белгілі болды.
Қазір зілзала болған аумақта іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.