Павлодарда «арнайы операцияға» қатысқан келіншек 4,5 млн теңгеге алданып қалды
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр
Павлодарда «арнайы операцияға» қатысқан келіншек 4,5 млн теңгеге алданып қалды. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыскерлер алаяқтарға қарсы арнайы операцияға қатысамыз деген желеумен өңір тұрғынынан 4 500 000 теңге көлемінде ақша алып кеткен.
"Жәбірленушілердің бірі өздерін құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырған белгісіз тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арызбен жүгінді. 47 жастағы әйел өзін «Қаржылық бақылау департаментінің тергеушісі» деп таныстырған белгісіз ер адам қоңырау шалғанын айтты. Ер адам сенімхат бойынша оның атынан банктердің біріне 400 мың теңге көлемінде ақшалай несие алуға өтініш түскенін түсіндірген", - дейді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Бейтаныс адам оның денсаулық жағдайын сұраған. «Денсаулығым жақсы» деген жауап алғаннен кейін өзін қаржы полициясының маманымын деп таныстырған «қызметкермен» байланыстырған. Одан әрі жалған маман алаяқтардың әрекетін қадағалап отыру үшін жәбірленушіні ақшалай несие рәсімдеу қажет деп сендірген. Әйел адам ойланбастан 1,5 миллион теңге несие рәсімдеп, барлық соманы жалған қызметкер жіберген деректемелерге аударған.
Кейінірек WhatsApp мессенджері арқылы жалған қызметкерлерден PDF форматындағы «ерте төлеу» деген құжат алған. Онда 1,5 миллион теңге несие мерзімінен бұрын өтелгені көрсетілген. Келесі күні белгісіз ер адам телефон соғып, тағы бір өтініш туралы хабарлап, бұл жолы белсенділік таныту керектігін түсіндірген.
"Әйел адам әртүрлі банктерге 1,9 млн және 1 млн теңге көлемінде несие алған. Бұдан кейін алаяқ әңгімелесу барысында заңды терминдерді қолданып, ынтымақтастықтан бас тартқан жағдайда жауапкершілікке тартылатыны туралы ескерткен. Павлодарлық келіншек ешбір сезіктенбестен ақшаны тағы да басқа есепшотқа аударып, жалған қызметкерге жіберген. Мұнымен тоқтамай сол жалған қызметкердің өтініші бойынша тағы бір басқа банктен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай несие алған. Барлық ұсыныстарды орындағаннан кейін қоңырау шалған телефон нөміріне хабарласқан, бірақ ол нөмір жоқ болып шыққан", - дейді Болат Нұрсейітов.
Осы қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау және ұстау бойынша барлық шаралар қабылдануда.
Тәртіп сақшылары тұрғындарға осындай қоңырау шалған жағдайда дереу сөйлесуді тоқтатып, белгісіз адамдардың нұсқауларын ешқашан орындамау керек екенін ескертеді. Сондай-ақ картаның PIN кодын және CVV2 кодын (картаның артқы жағындағы нөмірлер) ешкімге айтпау керек.