«Нұр-Сұлтандағы қасқыр»: видеодағы иттердің иесі табылды
Елорда тұрғындарын дүрліктірген видеода қала көшелерінде жүрген жануар қасқыр емес
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Нұр-Сұлтанда қасқыр жүр» деген жалған ақпаратқа қатысты түсініктеме беруге келген елорданың Алматы ауданы табиғатты қорғау полициясы бөлімшесінің бастығы Владимир Колягин «8-емхананың алдында қасқыр ұсталды» деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Владимир Колягиннің айтуынша, емхана алдында ұсталған жануар қасқыр емес, ит болып шыққан.
«Полиция 8-емхананың жанынан ұстаған итті «Астана ветқызмет» орталығына тапсырды. Біздің білуімізше, құтырған ит өлтірілді. Қазір иттің иесі табылды, біз оны «Астана ветқызмет» өкілдеріне жолықтырамыз», - деді Владимир Колягин.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде елорданың Көктал-1 шағынауданы мен Астрахань тасжолындағы арнайы ХҚКО маңында жүрген «қасқырдың» да видеосы тараған еді. Polisia.kz хабарлауынша, полиция видеодағы жануарды ұстаған және бұл да ит болып шыққан. Иттің иесі табылды. Оның айтуынша, байлауда болған ит қашып кеткен соң 5 күн бойы табылмаған.
«Қар тазалайтын көлік жүргізушілері қасқырға ұқсайтын итімді видеоға түсіріп, таратып жіберген. Содан кейін шағынауданда қасқыр жүр деген жалған ақпарат тарап кеткен», - дейді иттің иесі Наталья Ткачук.
Қазіргі таңда ит иесіне қайтарылған. Полиция қызметкерлері жалған хабарламаларды таратқан авторларды іздестіріп жатыр.