«Нұр-Сұлтанда қасқыр жүр» деген ақпарат жалған - Комитет
Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов мәлім етті
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Нұр-Сұлтанда қасқыр жүр» деген жалған ақпаратқа қатысты түсініктеме беруге келген комитет басшысы биыл (2020 жыл- авт.) республика бойынша қасқыр бір ғана елді мекен - Жамбыл облысындағы Тоғыз-тарау ауылындағы қораға кіргенін айтты. Ал, кешеден бері әлеуметтік желіде тарап жатқан видео мен фотосуреттер жалған ақпарат дейді.
«Кеше кешкі уақыттан бері әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтан қаласының маңы мен қала жанындағы ауылдарға қасқыр кіріп, шабуыл жасады деген ақпарат шығып жатыр. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мамандары айтылған жерлерде мониторинг жүргізді. Алайда, қасқыр табылған жоқ», - деді ол.
Оның айтуынша, жыл басынан бері қасқыр Қазақстан бойынша Жамбыл облысындағы елді мекеннің біріне ғана кіріп, қорадағы малға шабуылдаған. Павлодар облысындағы Шарбақты ауданында да малға жабайы аң шабуыл жасағаны тіркелген. Бірақ, Нариман Жүнісовтің айтуынша, «бұл фактіде дәл қасқыр шабуыл жасады» деген ресми ақпарат әлі жоқ.
Ал, Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің өкілі хабарлағандай, «Нұр-Сұлтан қаласының Көктал ауданы мен арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының маңында қасқыр жүр» деп жалған ақпарат таратқан адам ізделіп жатыр.
Нариман Жүнісов жабайы аң, оның үстіне, қасқыр ешқашан адам жүрген жерге емін-еркін кіріп келмейтінін, яғни, адам мен техника жүрген жерден керісінше алшақ жүретінін айтты.
«Дегенмен, алдыңыздан қасқыр шыға келсе, қашпау керек. Оған арқаңызды бермеңіз, айқаламай, ақырын, айналып өтуге тырысыңыз», - деген кеңесін айтты ол.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан