БҚО-да ауыл дәрігерлері өкпесіне оқ тиіп жараланған тұрғынды құтқарды
Оқиға 12 наурызда Казталов ауданы Тереңкөл ауылында болған
БҚО-да ауыл дәрігерлері өкпесіне оқ тиіп жараланған тұрғынды құтқарып қалды. Ер адам ауруханаға барар жолда екі литрдей қан жоғалтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Мой город» порталына сілтеме жасап.
Оқиға 12 наурызда Казталов ауданы Тереңкөл ауылында болған. БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, отбасылық жанжалдан кейін 59 жастағы ер адам өзін аңшы мылтығымен атқан. Айта кетерлігі, қару тіркелмеген.
«Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, алайда 21 сәуірде қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс қысқартылды», – деді полиция өкілдері.
Қазталов аудандық ауруханасының бас дәрігері Зинұр Сәткеш 12 наурызда кеуде тұсынан оқ тиген Тереңкөл ауылының тұрғыны ауруханаға қалай жеткізілгенін айтты. Дәрігерлер оған шұғыл ота жасап үлгерген.
«Оқтан ер адамның өкпесі мен төрт қабырғасы зақымдалған. Ауруханаға барар жолда науқас екі литрге жуық қан жоғалтқан, жағдайы өте ауыр болған. Дәрігерлер оған ауыр травматикалық және геморрагиялық шок деген диагноз қойды. Санитариялық авиацияны күтуге біршама уақыт кететіндіктен, науқасқа шұғыл операция жасау туралы шешім қабылданды. Ота сәтті өтті, қазір ол жазылып үлгерді», – деді Зинұр Сәткеш.
Ал қаруға қатысты полицейлер ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, алып жүру, тасымалдау» бойынша хаттама толтырды.