$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.05.2022, 15:32
Оқиғалар

Қаңтар оқиғасы: бұзақылар теледидар мен радиоарналардың жұмысын бақылауда ұстамақ болған

Бүгінде 281 адам қамауда отыр

Қаңтар оқиғасы: бұзақылар теледидар мен радиоарналардың жұмысын бақылауда ұстамақ болған
Фото: ашық дереккөзден

Жалпы ел бойынша қаңтар оқиғасы кезеңінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және оған қатысу бойынша 721 адам күдікті деп танылды, оның ішінде 281 адам қамауда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бас прокуратураның 1-ші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасымен қиратулар, мүліктерді жою және Семей қаласы әкімдігін басып алуға қатысушы анықталды.

«5 қаңтарда аталған қылмыскер Семей қаласы әкімдігінің ғимаратының алдында адамдар тобымен «Газель» маркалы полиция автокөлігін аударып тастаған. Ол басқа адамдарды әкімдікті басып алуға шақырған. Осы өңірде бұрын сотты болған экстремистік ұйымның мүшесі  - қаңтар оқиғаларының басқа қатысушысы анықталды. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында облыс әкімдігіне шабуылдаушылардың бірі ұсталды. «Қайғылы оқиғалар» болған сол күндері бұл қылмыскер «WhatsApp» мессенджерін пайдаланып, 300-ден астам адамды жинады, содан кейін аталған адамдар Ақтөбе облысы әкімдігінің ғимаратын басып алуға белсенді түрде қатысты. Шабуылға тойтарыс беру кезінде құқық қорғау органдарының 31 қызметкері ауыр дене жарақаттарын алды», -дейді Елдос Қилымжанов. 

Оның айтуынша, қылмыстық істі тергеу барысында Шымкент қаласының прокуратурасымен 2 қылмыскер анықталды, олар 6 қаңтарда «Газель» автокөлігімен қала ішінде жүріп, Шымкент қаласы Полиция департаментінің жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларын жойған.

«Камералар қалпына келгенге дейін «Газель» жүргізушісі өзінің жаппай тәртіпсіздікке қатысуын жоққа шығарды, алайда бейнежазбалардан оның көліктің төбесіне мініп, жоғарда орнатылған камераларды жойғаны анықталды. Сонымен қатар, Алматы қаласында 6 қаңтарда «Көк төбе» телемұнарасының ғимаратын басып алуға оқталғандар анықталды. Стратегиялық нысанды басып алудың негізгі мақсаты - жалған ақпарат тарату арқылы азаматтардың көшеге шығуын үгіттеу үшін теледидар мен радиоарналардың жұмысын бақылау болған. Құқықтық тәртіп күштері стратегиялық нысанды басып алуға жол бермеді. Күдікті адам соттың санкциясымен қамауда отыр. Осы қалада «Анна» қару-жарақ дүкенін тонаушыларының 3 қатысушысы ұсталды, олар 5 қаңтарда «Лексус» маркалы автокөлігімен Алматы қаласы «Республика» алаңының алдына ұрланған қаруларды таратқан»,- дейді Бас прокуратураның 1-ші қызмет бастығының орынбасары.

Серіктес жаңалықтары