Кcell ғимаратынан 3 млн теңгеге телефон ұрлағандар сотталды
Жаппай тәртіпсіздік кезінде 150 адам ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды
Қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздіктен кейін ішкі істер органдары ұрланған, сондай-ақ заңсыз сақталған және тіркелмеген 1 499 қару мен 35,6 мыңнан артық оқ-дәріні анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің айтуынша, Жамбыл облысы ПД-ның қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оқ-дәрісі бар екі «Калашников» автоматын сатпақшы болған жергілікті тұрғынды анықтады. Күдікті соттың санкциясынан күзетпен ұстауға алынды.
«Сонымен бірге түсіндіру жұмысының нәтижесінде азаматтар қарудың 145 бірлігін өз еркімен тапсырды, өткен апта ішінде ғана Алматы облысында азаматтар үш тегіс ұңғылы мылтықты берген. Тәртіпсіздік барысында ұрланған мүлікті табу және тәркілеу бойынша жедел іс-шаралар белсенді түрде жалғасып жатыр. Соның нәтижесінде полиция қызметкерлері сомасы 340 млн теңгеден артық мүлік тапты.
Мысалы, осы жылғы 5 қаңтарда Алматы облысының 4 тұрғыны Алматы қаласында Әлімжанов көшесіндегі «Кcell» акционерлік қоғамның филиалынан жалпы сомасы 3 млн 555 мың теңгеге 27 ұялы телефон ұрлаған. Күдіктілер ұсталды және сот санкциясымен оларға кепіл түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Медеу ауданы сотының үкімімен олар кінәлі деп танылды және залалдың орнын толтырғаны ескеріліп, үш жылға бас бостандығын шектеуге сотталды», - дейді Санжар Әділов.
Белгілі болғандай, қаңтар оқиғасы бойынша 1150 қылмыстық іс қаралып, оның ішінде 150 адам ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.