Жамбыл облысында көшеде есінен танып қалған жасөспірім қыз құтқарылды
Қыз баланың туыстары полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді
Жамбыл облысының полицейлері көшеде есінен танып құлаған кәмелетке толмаған қыздың өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 29 сәуір күні қала көшелерінің бірінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, патрульдеп жүрген полиция батальонының қызметкерлері полиция капитаны Айдын Абрахманов пен полиция лейтенанты Еламан Абенов жол бойында жаяу кетіп бара жатқан қыз баласының кенеттен есінен танып құлағанын көреді.
«Тәртіп сақшылары дереу қыз баланың жанына барып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Жасы кәмелетке толмаған қыз есін жинап, өзінің эпилепсия ауруымен ауыратынын айтқан», - делінген ПД хабарламасында.
Полиция қызметкерлері кәмелет жасқа толмаған қызды үйіне жеткізіп, аман-есен ата-анасына тапсырады.
Өз кезегінде қыздың апасы немересінің өмірін құтқарып қалған полицейлерге өзінің шынайы алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі