Әкім мен орынбасары арасындағы дау: Қапшағай мен Алматы облысының соттары екі түрлі шешім шығарған
Қапшағай әкімі мен орынбасары өткен жылдан бері соттасып келеді
Қапшағай қаласы әкімдерінің дауы тоқтар емес. Облыс орталығы болатын қалада қарбалас басталған. Алайда әкім мен оның орынбасары бір-бірімен бір жылға жуық әлі дауласып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қызметтік орнында болмағаны үшін Сағдат Нұрғазиев жұмыстан арнайы бұйрық арқылы шығарылған. Бастығының бұйрығымен келіспеген Нұрғазиев қаланың әкімдігін сотқа беріп, жеңіп шыққан. Тіптен сот шешімін орындамағаны үшін бүкіл қала әкімдігінің есеп-шоты бұғатталған еді.
«2022 жылғы 28 ақпанда С.Ш. Нұрғазиевтің Қапшағай қаласының әкімдігіне азаматтық талап қоюы бойынша (№1916-21- 00-2/1116) Қапшағай қаласының әкімі Н.Құматаевтың 2021 жылғы 16 шілдедегі Сағдат Шатанұлы Нұрғазиевті қызметінен босату туралы №89/05- 05 өкімі заңсыз деп танылсын және жойылсын. Сағдат Шатанұлы Нұрғазиев Алматы облысы Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары бұрынғы лауазымына қайта алынсын. Қапшағай қаласының әкімдігінен өз пайдасына бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 1 029 258 (бір миллион жиырма тоғыз мың екі жүз елу сегіз) теңге мөлшерінде жалақысын өндіру, ал талаптың қалған бөлігіне бас тарту шешімі шығарылды. Жұмысқа қайта алу туралы, қызметкерге жалақыны, бірақ үш айдан аспайтын жалақыны алып берілсін», - деліген еді Қапшағай қалалық соты шығарған шешімде.
Бірақ дау бұнымен тоқтамай, соттан жеңіліп қалған әкімдік апелляциялық шағым түсірген. Облыстық сотта бұл жолы Нұрғазиев жеңіліп қалғандықтан, жоғары лауазымды орнына бара алмайтын болды.
«2022 жылғы 20 сәуірдегі № 1999-22-00-2а/842 қаулысымен (соттың қаулысы 2022 жылғы 26 сәуірдегі Жоғарғы соттың сайтындағы Сот кабинетінде орналастырылған) С.Ш. Нұрғазиевтің сотқа талап арызындағы Қапшағай қаласы әкімінің атқарып отырған лауазымынан босату туралы өкімін заңсыз деп тану және оның күшін жою, жұмысын қалпына келтіру және бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысын өндіріп алу туралы талап арызына-бас тартылды», - деді Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы.
Қапшағай қаласы әкімдерінің дауына қатысты соңғы сот қаулысы күшіне енді.