Алматыда Mad Men музыкалық тобының мүшелері ұзақ жылға сотталды

Azattyq Rýhy

Қылмыстық топтың басшысы 17 жылға, қалғандары 15 жылға бас бостандығынан айырылды

Алматыда Mad Men музыкалық тобының мүшелері ұзақ жылға сотталды
Фото: ашық дереккөзден

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты  Q-pop Mad Men тобының мүшелеріне үкім шығарды. Олар қылмыстық топ құрып, жетекшілік еткеннен бөлек, аса ірі мөлшерде психотроптық жәәне есірткі заттарын дайындап сатпақшы болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Соттың анықтауынша, 2020 жылдың қыркүйек айының басында Х. құрған қылмыстық топтың құрамына 6 адам кірген.  Олардың барлығы мефедрон психотроптық затының аналогын заңсыз дайындауға және есірткі заты гашишті өткізуге қатысқан. Қылмыстық топтың жетекшісі Х. әр қатысушыға нұсқаулық беріп, соған сәйкес ол өзі мефедрон өндіруге арналған құрамдас бөліктерді алумен айналысып, сатып алушылармен келіссөздер жүргізген.

Басқа қатысушылар Алматы қаласында зертхана ретінде жабдықталған коттедждің жертөлесінде психотроптық заттарды өндіріп, кейін оларды бөлек дозаға салып, құны туралы ақпарат арнайы құрылған сайттар мен чаттарда жариялаған.

Топтың қалған мүшелері Алматыдағы қоғамдық орындарға бетбелгі қоюмен айналысқан.

«2021 жылдың 14 сәуірінде топ мүшелерінің бірі М. Алматы қаласындағы үйлердің ауласына екі бумаға орап, заңсыз дайындалған мефедронды ірі көлемде алған. Сол күні полицейлер жоғарыда аталған бумаларды тауып, тәркілеген. 2021 жылғы 20 сәуірде жоғарыда аталған коттедждің жертөлесін, сондай-ақ бір үйдің сарайын тінту кезінде аса ірі мөлшерде психотроптық заттар, оны өндіруге арналған құрал-жабдықтар мен құрамдас бөліктер, аса ірі мөлшерде гашиш табылып, тәркіленді. Сонымен қатар М.-ның тұрғылықты жерін тінту кезінде, атап айтқанда, үйдің ауласында тас астынан, аса ірі мөлшердегі мефедрон салынған 2 байлам табылды», - делінген соттың айыптауында. 

Сотта прокурор айыптауды қолдап, қылмыстық топтың басшысы Х.-ны 18 жылға, ал қалған қатысушыларды 17 жылдан 17,5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот үкімімен Х. ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету, аса ірі көлемде өткізу мақсатында психотроптық заттың аналогын заңсыз дайындау, сақтау, қылмыстық топтың құрамында аса ірі мөлшерде есірткі құралын электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы ұйымдасқан топтың құрамында сату мақсатында сақтау қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 17 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Қалған қатысушылар заңсыз дайындау, аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында психотроптық заттың аналогын сақтау, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, ұйымдасқан топ құрамында электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде есірткіні сақтау үшін кінәлі деп танылды. Олардың үшеуіне 16 жыл, қалған қатысушыларға 15 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылу тағайындалды», - деп хабарлады Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.