Атырауда брондалған әскери көлікті сатып жібермек болған тұрғын ұсталды
Соғыс көлігін жігіттің қалайша меншіктеп алғаны анықталып жатыр
Атырауда 35 жастағы жігіт әскери бронды көлікті (БРДМ-2) сатып жібермек болған. Қарулы қақтығысқа арналған машинаны әскерилер барлау-шолғыншылық мақсатында пайдаланады. 1986 жылғы жігітке тиесілі әскери көлік қаладағы авотұрақтардың бірінде тұрған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК 386-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Ал күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
Соғыс көлігін жігіттің қалайша меншіктеп алғаны анықталып жатыр.
«Соғыс техникасының сатылатынын Атырау облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тексеріп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 1986 жылғы азаматқа тиесілі аталған әскери машина табылып, тәркіленді.
Полиция департаменті атыс қаруларымен, оқ-дәрі және жарылғыш заттармен жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 25 сәуірден бастап халықтан заңсыз сақталған атыс қаруларын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясын жүргізіп келеді. Мемлекет, азаматтардың өз еріктерімен өткізген әрбір қару мен оқ-дәріге және жарылғыш заттарға 100 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы белгілеген», - деді Атырау облыстық ПД ресми өкілі Мейірім Ердәулет.