БҚО-да жас босанған ананың өліміне кінәлі деп танылған дәрігер жазадан құтылып кетті
Бұл іс бойынша тергеу жұмыстары үш жылдан астам уақытқа созылды
Батыс Қазақстан облысында жас босанған ана мен шақалақтың өліміне кінәлі деп танылған дәрігер жазадан құтылып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
«26 сәуірде Жаңақала аудандық сотының судьясы Сабыржан Есжанов анестезиолог-дәрігер – 60 жастағы Жарқын Тілешовке қатысты сот үкімін шығарды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабында (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы) көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Алайда, болған жайттың мерзімі өтіп кетуіне байланысты Тілешов қылмыстық жауапкершіліктен босатылды», - делінген хабарламада
Сот азаматтық талапты ішінара қанағаттандырды. Сотталушы қайтыс болған Бибінұр Нығметованың отбасына 6 миллион теңге моральдық өтемақы, сонымен қатар 920 мың теңге көлемінде материалдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Алайда жәбірленуші тарап соттан Тілешовке 150 миллион теңге моральдық өтемақы және бес миллион теңге материалдық өтемақы төлеуді міндеттеуді сұраған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және оған 15 күн ішінде шағымдануға болады.
Айта кетсек, 2018 жылдың 24 сәуірінде 44 жастағы Бибінұр Нығметова жүктіліктің 29-аптасында қансырап ауруханаға жеткізілгенімен, көп ұзамай операция үстелінде қайтыс болды.
Сот отырыстарында аудандық аурухана дәрігерлері, медицина қызметкерлері, сондай-ақ көптеген сарапшылар сұралды. Прокурор соттан Жарқын Тілешовті үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.