Ресейде ер адам балабақша күтушісі мен екі баланы атып өлтірді

Azattyq Rýhy

Шабуыл жасаған адам артынша өзіне қол жұмсап көз жұмды

Ресейде ер адам балабақша күтушісі мен екі баланы атып өлтірді
Фото: ТАСС

Ресейдің Ульянов облысында балабақшаға кіріп келген қарулы ер адам балаларға оқ жаудырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

«Ер адам балабақшаға арнайы барып, күтушіні, екі кішкентай баланы атып тастаған. Шабуыл жасаған адам артынша өзіне қол жұмсап көз жұмды», - деп хабарлады агенттік дереккөзі.

Дереккөздің айтуынша, атысқа тұрмыстық кикілжің себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ шабуыл балалар ұйқыда жатқан уақытта болғанын айтты.

Балабақшаның тағы бір қызметкер қолынан оқ жарақатын алған. Денсаулық сақтау министрлігі «Қазір зардап шегушіге барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр» деп түсіндірді.

Оқиға туралы ақпаратты аймақтық үкіметтің баспасөз қызметі де растап, шабуыл жасаушының өзіне қол жұмсағанын хабарлады.

«Алдын ала мәлімет бойынша, күтуші, 2016 және 2017 жылы туған екі бала қаза тапты. Енді балабақша алдына жиналатындардың көп болатыны сөзсіз, бәрінің ойын үрей билеп отыр, жұртты тыныштандыру керек», - деп жазды Мемлекеттік Думаның аймақтан депутаты Сергей Морозов Telegram-арнасында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.