Алматыда ресейлік көліктерді ұрлаумен айналысқан облыс тұрғындары ұсталды

Azattyq Rýhy

Олар ұрланған көліктерді Кеген ауылындағы үйлердің біріне жасырған

Фото: Алматы ПД

Алматы облысында ресейлік көліктерді ұрлаумен айналысқандар қолға түсті. «Қылмыстық үштіктің» кем дегенде бе көлікті ұрлағаны анықталып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаскөйлер Ресей Федерациясының есебінде тұрған автокөліктерді ғана ұрлаумен айналысқан. Олар ұрланған көліктерді Кеген ауылындағы үйлердің біріне жасырған. Сол жерден сатып алушыларға шығарып беріп отырған.

«Көлік ұрлаушылар қалалық криминалдық полиция басқармасындағы әріптестер көмегімен әшкереленді және қолға түсті. Күдіктілер қамауға алынды. Олардың әрқайсының қылмыс жасау барысында атқаратын нақты рөлі болған. Күдіктілер 19-20 жаста. Тергеу іс-шаралары барысында олардың Алатау, Алмалы және Медеу аудандарында бес автокөлік ұрлағаны анықталды.  Сатып алушылардан бес көліктің төртеуі тәркіленді, тағы бір «ВАЗ» бөлшектеліп, қосалқы бөлшектерге сатылып кеткен», - деді Медеу аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Еділхан Байғараев.

Қазір полиция қызметкерлері ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.  Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тергелуде.  Айыпталушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.