Қостанай облысында жол апатынан 3 адам қаза тапты
Қайғылы оқиға 19 сәуір күні сағат 22.25-те болған
Қостанай облысына қарасты Әулиекөл – Сұрған тасжолының 76-шақырымында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 3 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 19 сәуір күні сағат 22.25-те болған.
Ресейде тіркелген Toyota Estima көлігінің 26 жастағы жүргізушісі, Жітіқара қаласының тұрғыны елордаға қарай келе жатып, «КамАЗ» тіркемесіне соғылған. Жүк көлігі жолдың қарама-қарсы бағытында кетіп бара жатқан. Оны Қостанай қаласының 1994 жылы туған тұрғыны жүргізген.
«ЖКО салдарынан шетелдік көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты. Жеңіл көліктегі тағы бір жолаушы түрлі жарақатпен Әулиекөл аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды», - деді Қостанай облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков.
Айта кетсек, өңірде жыл басынан бері облыста 84 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 19 адам қаза тапты, 98-і жарақат алған.
«Үш адамның өмірін қиған қайғылы оқиға болды. Жақын арада ауа райы нашарлауы мүмкін. Жолда болып жатқан осындай әрбір оқиға – үлкен трагедия. Әрдайым мұқият, қырағы болыңыздар, жол ережесін мен көлік жүргізу мәдениетін сақтаңыздар. Жүргізушілер өздері үшін ғана емес, жолаушылар үшін де жауапты екенін естен шығармауы тиіс», - деп ескертті Ерлан Омарбеков.