Нұр-Сұлтанда бірнеше рет алаяқтық жасаған әйел ұсталды

Azattyq Rýhy

50 жастағы әйел қалаларды аралап, азаматтарды алдап келген

 
Нұр-Сұлтанда бірнеше рет алаяқтық жасаған әйел ұсталды
Фото: optimism.kz

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері бірнеше рет алаяқтық жасаған әйелді қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұрын алаяқтық жасағаны үшін сотталған 50 жастағы әйел, Шымкент қаласының тұрғыны қалаларды аралап, азаматтарды алдап келген. Бүгінге дейін ол істеген алаяқтық деректерінің елорда аумағында жеті эпизоды, ал Алматы қаласында үшеуі белгілі болған.

Көп жағдайда алаяқтың қармағына такси жүргізушілері мен сатушылар ілініп қалған. Анықталғанындай, ізін жасырмақ болған әйел Қарағандыда жалдамалы пәтерлерді жалдап тұрған.

«Әйел елордаға бара жатқанда қалааралық таксиді пайдаланып, такси жүргізушілерімен танысып, олардың сеніміне кірген. Ол өзін сауда үйінде үлкен бизнесі бар табысты іскер әйел ретінде таныстырған. Күдікті жүргізушілерді алдап, олардан ақша алып, сауда орталықтарында жасырынып жүрген. Осылайша, әйел екі жүргізушіні алдап жалпы сомасы 400 мың теңгеге жуық ақшаларын иемденген. Сонымен қатар, сауда үйлері мен базарларда сауда жасап, сатушылармен танысып, олардың сеніміне кіргені анықталды. Сондай-ақ қаскүнем ешнәрседен күдіктенбеген такси жүргізушісін пайдаланып, 8 қап қантты иемденген. Тағы бір жағдайда ол ломбард сатушысын алдап, құны 500мың теңгеден асатын екі алтын алқаны ұрлап кеткен», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық ПД хабарламасында.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Күдіктіге қатысты ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу жүргізілуде. Полиция қызметкерлері оның елорда аумағында осындай алаяқтық фактілеріне қатыстылығын анықтап жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.