Алматы тауларында адасып кеткен туристерді ізшіл ит құтқарып қалды
Туристердің үсті-басы еріген қардан су болып, әбден жаурап қалған
Алматы тауларында адасып кеткен туристерді ізшіл ит құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, 10 сәуірде республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші-диспетчерлік бөліміне Ким-Асар шатқалында ер адам мен әйелдің жоғалып кеткені туралы қоңырау түскен.
«Адасып кеткен туристерді іздеу үшін құтқарушылардың жедел тобы кинологиялық бригадамен бірге тауға шықты. Сол уақыт аралығында көмек сұрағандармен арадағы ұялы байланыс қалпына келтіріліп, олардың нақты геолокациясы анықталды.
Топ соңынан еріп келе жатқанда, Эра атты ізшіл ит адамдардың дауысын бірінші болып естіп, алға қарай жүгіріп кеткен еді. Көп ұзамай зардап шеккендерді тауып, үріп белгі берді. Анықталғандай, туристер Бутаков шатқалына қарай жүріп келе жатып қар көп, жарық жоқ болғандықтан адасып кеткен. Еріп жатқан қардан олардың үсті-басы су болып, әбден жаурап қалғаны белгілі болды», - делінген құтқару қызметінің хабарламасында.
Итке арнайы жарқырап тұратын қарғыбау кигізілгендіктен, туристер одан қорықпай, құтқарушылардың көмекке келе жатқанын түсінген. РЖҚЖ қызметкерлері зардап шеккендерге жылы киімдер беріп, аман-есен қаладағы қауіпсіз жерге жеткізді.
«Баратын жеріңіздегі ауа райын біліп, жақын адамдарыңызға саяхат бағыты туралы ескертіңіз, телефоныңызды зарядтаңыз және өзіңізбен бірге паурбанк алып жүріңіз. Жолдың бастапқы бөлігін таңертең жүріп, қараңғы түскенше тезірек қайтуға тырысыңыз», - деп құтқарушылар таудағы қауіпсіздік ережелерін еске салды.