Браконьерлікпен күрес: инспекторлар ІІМ академиясында дайындалатын болды
2021 жылдың қорытындысы бойынша браконьерлерге 85 млн теңге сомасында айыппұл салынған
Браконьерлерге қарсы тұру үшін инспекторлар ІІМ академиясында біліктіліктерін арттырады. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлім етті.
Аңшылық ежелден келе жатқан өмір салты болғанмен, қазір дүниежүзінде заңмен реттелген процесс. Қазақстан соңғы жылдары браконьерлікке қарсы күресті күшейтті. Дегенмен браконьерлер заңға бағынбай аң аулап, ал оларды тоқтатпақ болған инспекторларды тіпті өлтіріп кетуден тайынбай жүргені анық.
Айта кетейік, 2021 жылдың қорытындысы бойынша заңсыз балық аулағаны үшін 51 браконьер қылмыстық жауапкершілікке, 4789 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға шамамен 85 млн теңге сомасында айыппұл салынған.
Ауыр жаза браконьерлерді азайта ма?
Орман шаруашылығы комитетінен Қазақстанда бір жыл ішінде браконьерлер инспекторларға неше рет шабуыл жасайтыны туралы сауал жолдадық. Комитеттің мәліметінше, бірнеше жыл бұрын өте үлкен резонанс тудырған оқиғалардан кейін инспекторлардың өміріне қауіп төндіретін оқиғалар азайған.
«Елімізде 2019 жылы резонансты үш оқиға тіркелген еді. Біріншісі, Қарағанды облысы Баршын ауылы маңында инспектор Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің қолынан қаза тауып, Петр Ницык жарақат алған еді. Екіншісі, Ақмола облысы Державинск ауылы маңында инспектор Қаныш Нұртазинов қаза тауып, Оспанов жараланған. Үшіншісі, Қызылорда облысы Қармақшы ауылы маңында инспектор Әділ Кенжеғұлов қаза тапты, оны өлтіргендер әлі ұсталған жоқ.
Ал екі оқиға бойынша табиғатты қорғайтын инспекторларды өлтірген браконьерлер ауыр жазаға тартылды. 6 азаматтың екеуі өмір бақи бас бостандығынан айырылса, қалған төрт азамат 25 жылға сотталды. Міне соңғы жылдары заңның күшеюіне байланысты инспекторларға қастандық жасау фактілерінің төмендегені байқалады», - дейді Орман шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі.
Дегенмен, дереккөзге сүйенсек, жуырда, осы жылдың 16 ақпанында Батыс Қазақстан облысы «Охотзоопром» өндірістік бірлестік инспекторларына екі браконьер қарсылық көрсетіп, оқ атқан оқиға тіркелген. Комитет оқиғаның бейнежазбасын да ұсынып отыр.
«Абырой болғанда адам шығыны мен жарақат алғандар жоқ. Қорықшылардың пәрменіне құлақ аспаған қаскөйлер Тойота маркалы қызметтік көлікке анықталмаған мылтықтан шамамен 10 рет оқ атқан. Автомобильдің алдыңғы дөңгелектері жарылып, бампері зақымдалған. Инспекторлардың табельдік қарудан ескерту оқ атқандарына қарамастан, браконьерлер БҚО, Жаңақала ауданы, Новоказанка ауылына қарай іздерін суытқан. Қазір құқық қорғау органдары оларды іздеп жатыр», - дейді комитеттің баспасөз қызметі.
Инспекторлар браконьерлерден қалай қорғана алады?
Комитеттің мәліметіне сүйенсек, қазір инспекторларға қызметтік қару, оқ өтпейтін кеудеше, кісен, резеңке таяқ және спутниктік байланыс құралдар, сонымен қатар, қызметтік автокөлік, 360 градус аумақты түсіре алатын камера беріледі.
«Браконьерлік фактілер анықталған жағдайда дереу 102 нөмері арқылы ішкі істер органдарына хабарланады. Қазіргі таңда браконьерлермен күресу мақсатында инспекторлық құрам Қазақстандағы төрт ішкі істер акадамиясында кәсіптік біліктілігін артыруда. Олар қызметтік қаруды қолдану ережесіне сәйкес қару қолдана алады. Бағынбаған браконьерлерге қарсы күш қолданылады», - дейді деррекөз.
Браконьерлікке қарсы күрес қалай насихатталады?
«Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті браконерлік фактілер тіркелген жағдайда оқиға орнында түсірілген бейне және фото материалдарды дереу БАҚ өкілдеріне таратып, заңсыз аң аулаудың жауапкершілігі мен табиғатымызға тигізетін залалы жайында шұғыл ақпарат ұсынамыз», - дейді комитет.
Сондай-ақ комитеттің ресми әлеуметтік парақшалары мен жеке сайттында браконерлікті алдын алу үшін ақпарататтық түсіндірме жұмыстары жүреді. Рейдтік іс шаралар барысында да инпекторлар тұрғындарға заңсыз аң аулаудың салдары туралы ақпарат береді.