Павлодар облысында қымбат көлік ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ сотталды
Олар түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды
Павлодар облысында қымбат көлік ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ сотталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сот үкімі бойынша қымбат көліктерді ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың әр мүшесі түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
2021 жылы Павлодар облысы Полиция департаментінің қылмыстық полициясы қызметкерлері өткізген жедел алдын алу іс-шарасының нәтижесінде, Павлодар және Қарағанды облыстары аймағында көлік ұрлаумен айналысқан төрт адамнан құралған қылмыстық топты құрықтады.
"Тергеудің арқасында қылмыстық топтың Toyota Avensis, Toyota Land Cruiser Prado сияқты 10 автокөлік ұрлау фактісіне қатысты екені дәлелденді", – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығы Василий Скляр.
Қазіргі таңда сот бұл қылмыстық істі қарастырды. Топтың екеуі қылмыс жасағаны үшін ҚР ҚК 262-баптың 1,2-бөлігі, 188-баптың 4-бөлігі, 386-баптың 2-бөлігі бойынша бас бостандығынан 8 жылға айырылды. Тағы бір ҰҚТ мүшесі қылмыс жасағаны дәлелденіп, ҚК-нің 262-баптың 2-бөлігі, 188-дің 4-бөлігі мен 386-ның 2-бөлігі бойынша 6 жылға бостандығынан айырылды.
Төртінші мүшесі ҚР ҚК-нің 190-баптың 3-бөлігі бойынша 3 жылға бостандықтан айырылды. Сот үкімі заң күшіне енген жоқ.