Павлодар облысында қатты желден 20 нысанның шатыры ұшып кетті
Оның ішінде 14 білім беру бөлімі, бес жергілікті атқарушы орган, бір денсаулық сақтау нысаны бар
Павлодар облысында қатты желден 20 нысанның шатыры үшып кетті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД жедел тобы төтенше жағдайды жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді.
"Департаментте жедел штаб құрылды. Облыс аумағында 20 блокбекет қойылып, 110 техника орналастырылды, оның 46-сы жеңіл және 64-і жүк көлігі. Жылыту пункттеріне 40 адам орналастырылды, оның ішінде 11 бала бар. Автожолдардың жабық учаскелерінде халықты эвакуациялау үшін уақытша 42 жылыту пункті, автожолдарды қардан тазалауға 23 техника дайындалды", - дейді жедел топта.
Ауа райының нашарлауына байланысты Павлодар облысының аумағында автожолдардың 19 учаскесі жабылды, оның жетеуі - республикалық маңызы бар жолдар.
Қазіргі таңда ШҚО-ға Аққулы мен Май ауданы арқылы өтетін тас жолы, Павлодар және Екібастұз қалалары бағытындағы ғана автожолдар ашық.
Түнде жылдамдығы 25 м/с дейін жететін екпінді желдің салдарынан Ақтоғай және Ертіс аудандарында 5 елді мекенде, Ақсу қаласына қарасты үш елді мекенде, Успен ауданында 13 елді мекенде, Баянауыл ауданында 10 елді мекенде электр энергиясы ажыратылды.
Сондай-ақ 109 қызметінің мәліметі бойынша Павлодарда Радиозавод шағын ауданында, Ломов және Сәтбаев көшелерінде бірқатар тұрғын үйлер мен нысандар жарықсыз қалды.
Еске сала кетейік, облыста 28 наурыздың сағат 21.00-ден бастап 31 наурыз сағат 21.00-ге дейін дауылды ескерту жарияланды. 30 наурызда өңірдің солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде боран, 29-30 наурызда көктайғақ күтілуде.
30-31 наурызда оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 23-28 м/с, 30 наурызда 30 м/с және одан да жоғары болады.