Қостанай облысында жол-көлік апатынан екі адам қаза тапты
Түрлі жарақат алған екі адам ауруханаға жеткізілді

Қостанай облысында тасжолда болған көлік апатынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай облыстық ІІД бастығы Ерлан Омарбековтің мәліметінше, жол апаты Қостанай – Әулиекөл тасжолында болған.
«Бүгін сағат 16:00 шамасында Мичурино ауылының 65 жастағы тұрғыны «ВАЗ 2121 Нива» маркалы автокөлігін басқарып келе жатып, көктайғақ салдарынан рөлді басқара алмай, қарсы келе жатқан көлікке шығып кеткен. Соның салдарынан Қостанай қаласының 42 жастағы тұрғыны басқарған ВАЗ-2120 көлігіне соғылған», - деп жазды Омарбеков Facebook-парақшасында.
Қатты соққы салдарынан «ВАЗ 2121 Нива» көлігінің жүргізушісі мен бір жолаушысы алған жарақаттарынан қайтыс болды. Екінші жолаушы Әулиекөл орталық аудандық ауруханасының жарақат бөліміне жатқызылды. ВАЗ 2120 жүргізушісі де түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.