Ақтөбеде мүгедек ата-анасын жалғыз бағып келген бозбаланы көлік қағып өлтірді

Azattyq Rýhy

Мектепті былтыр ғана «Алтын белгіге» бітіріп, грантқа оқуға түскен Бейбарыс бала кезінен ата-анасының жалғыз қамқоршысы болған

Ақтөбеде мүгедек ата-анасын жалғыз бағып келген бозбаланы көлік қағып өлтірді

Ақтөбеде сал ауруына шалдығып, арбаға таңылған ата-анасын кішкентайынан күтіп-бағып келген 18 жастағы жігітті көлік қағып өлтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Liter.kz басылымына сілтеме жасап. 

Жантүршігерлік қайғылы оқиға 20 наурызда кешкі уақытта болған. 1 курс студенті Бейбарыс Иманалинді аса қатты жылдамдықпен келген көлік қағып кеткен. Туыстарының айтуынша, көліктің қатты жылдамдықпен келгені сонша, жаяу жүргіншінің денесін алысқа сүйреп әкеткен. Бейбарысты қаққан жүргізуші 22 жаста болған.

«Жүргізуші ішімдік ішпеген, оқиға орнынан қашып кетпеген, жедел жәрдем шақырған. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша іс тергелуде. Зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше күннен кейін қайтыс болды», - деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов.

Бейбарысты соңғы сапарға шығарып салуға көп адам келді. Олардың арасында марқұмның достары, туған-туыстары, сондай-ақ оның қысқа әрі жарқын өмірінен хабардар ақтөбеліктер болды.

Жерлеу рәсіміне келгендердің көбі Бейбарыстың ауыр тағдырын естіп, көзіне жас алды. Өзіне сенімді, өзгеге жанашыр, әрқашан көңілді жүретін КВН ойыншысы, үздік студент, спортшы әрі кез келген ортаның сәні бола білген Бейбарыс төсекке таңылған ата-анасына бала кезінен бері қамқор болып жүргенін ешкімге шағынып айтпаған екен.

«Ол ерте есейген бала еді. Тағдыры сондай ауыр әрі қысқа болды», – деп күрсінеді Жамал апа.

Бейбарыс Иманалиндер әулетінде жалғыз ұл болған. Төрт жасында анасымен бірге жол апатына ұшырап, өзі аман қалады. Алайда 28 жастағы анасы көлік қағып кеткеннен кейін мәңгі бақи арбаға таңылыпты. Жарымжан жары мен кішкентай ұлына деген жауапкершілікті мойнына алған әкесіне біртіндеп ерте есейген ұлы көмектесе бастаған. Тағдыр тауқыметін көп тартқан әкесі де үш жыл бұрын инсульт алып, сал болып, тіпті сөйлей алмай қалған. Бейбарыс ол кезде әлі мектеп оқушысы еді. Ол тағдырдың соққысына қайсарлықпен қарсы тұра біледі.

«Ол жай бала емес, алтын бала еді. Әрқашан ата-анасын серуенге шығарып, тамағын беріп, киімін кигізіп, өзі күтіп-бағатын», – деп еске алады Жамал апа.

Өткен жылы Бейбарыс мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, университетке энергетика мамандығына грантқа түскен екен.

«Бейбарыс нағашысына көлік алып, үй салып беруді армандайтын. Нағашысының көмегінің арқасында аман қалдық. Ол әлемді шарлап шығуды армандайтын», - дейді анасы Ләззат Иманалина.

Үйі қаладан алыс болғандықтан, отбасы көлік сатып алды. Оның үстіне, бозбала сабақтан кейін таксилетіп, аз да болса табыс тауып жүрген. Қайғылы оқиға болған күні де әдеттегідей әке-шешесінің бетінен сүйіп, көлігіне отырып шығып кеткен. Бейбарыс кешкі уақытта көліктен түсіп, бірнеше қадам аттаған сәтте құйындай ұшып жеткен көлік көзді ашып-жұмғанша қағып, оны бірнеше метрге сүйреп кеткен. Жас жігіттің ағзасы бірнеше күн бойы өмір үшін арпалысқанымен, ауыр жарақат салдарынан жүрегі соғуын тоқтатқан екен.

«Мен өмірдің бар мәнін жоғалттым. Ішім алай-түлей жанып барады. Жүргізушінің әдейі істемегенін білемін, бірақ жылдамдықты сонша асырмағанда, балам тірі қалар ма еді. Жазмыштың ісі осы шығар», - деп көзін сүртеді ана.

Бүгінде жалғыз сүйеніші мен қолдауынан айырылған ғаріп жандарға қарайласар ешкім қалған жоқ...

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.