Жаңаөзенде өрт сөндірушілер наразылыққа шықты
Жаңаөзенде өрт сөндірушілер наразылыққа шықты
Жаңаөзенде өрт сөндірушілер наразылыққа шықты Жаңаөзенде өрт сөндірушілер наразылыққа шықты. От пен судың ортасында жүргендер жалақыны көбейтуді сұрап Президентке бейнеүндеу жолдады. Өйткені қымбатшылық кесірінен мардымсыз айлық шайлыққа жетпей жатыр дейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Төтенше жағдайлар министрлігі қызметінің мәртебесін әскери қызметкерлердің мәртебесімен теңестіруді, қазіргі еңбек ақымызды көтеруіңізді сұраймыз. Маңғыстау облысы экологиялық жағдайдың нашарлығы соның ішінде Жаңаөзен қаласы экологиялық жағдайда орналасқандығын ескере отырып, Қызылорда және Түркістан облысы сияқты үстемақы енгізуді сұраймыз», - дейді өрт сөндірушілер бейнеүндеуде.
Өрт сөндірушілер айына 110 - 130 мың аралығында жалақы алады. Бірақ бұл ақша азық-түліктен артылмайды дейді. Тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметке деп берілетін қосымша 3800 теңге аталған қызмет түрін төлеуге жетпейді екен.
Өрт сөндірушілер 2017 жылы ЭКСПО көрмесіне деп алып қойған зейнетақы қорындағы ақшаларын қайтарып беруді де талап етуде. Қауіптілігі жоғары жұмыста істейміз дегендер жалақыны өсіруді сұрап төтенше жағдайлар министріне ұжымдық хат жолдаған екен. Бірақ одан әлі хабар жоқ. Ал жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар екенін айтып, тараптармен әңгімелесу жүріп жатқанын жеткізді.
«Жаңаөзен қаласының нөмірі 3-өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерінің жолдаған бейнеүндеуіне орай, Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті мен өрт сөндірушілер басқармасы басшысының тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері бүгінгі таңда штаттық режимде қызметтерін атқаруда», - деді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов.