Павлодарда қоқысты терезеден лақтырған әйел жауапкершілікке тартылды
Оның бұл қылығы туралы көршілері полицияға көршілері шағым түсірген
Павлодарда қоқысты терезеден лақтырған әйел жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 наурызда Мүткенов көшесіндегі үйдің тұрғындары қоңырау шалып, жоғарғы қабаттағы көршілері терезеден қоқыс тастайтынын хабарлаған.
"Заттар, тұрмыстық қалдықтар терезеден ұшып, біздің балкондарымызға, аулаға түседі. Бұл не деген сұмдық! Аулада адамдар жүреді, балалар серуендейді", - дейді әбден ашынған тұрғындар.
Аталған үйге келген полицейлер ересек әйел адамнан неліктен қоқысты терезеден лақтырғаны туралы сұраған. Тәртіп бұзушы болса, қоқысты арнайы контейнерге апаруға ерінгенін айтқан.
ҚР ӘҚБК 505-бабы бойынша жалқау әйел қоғамдық орындар мен елдімекендерді абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, полицейлер онымен профилактикалық әңгіме өткізді.
Айта кетейік, биылғы жылы облыс аумағында абаттандыру ережелерін бұзған 1535 азамат анықталып, жауапкершілікке тартылды.