Ақтөбеде адасып кеткен шетелдіктер жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты
Жүргізуші мен жолаушы көлік ішінде көмірқышқыл газына уланып, ұйықтап қалған
Ақтөбе облысында жолда адасып кеткен шетелдіктер көлік ішінде көмірқышқыл газына уланып жатқан жерінен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 9 наурызда Тәжікстанның екі азаматы «ГАЗель» көлігімен Ақтөбеден Әлімбетов шекара бекетіне шыққан. Шекарадан өте алмаған жастар Ақтөбеде күтіп отырған туыстарына оралуды жөн көреді. Алайда қайтар жолда олармен байланыс үзіледі.
«Далада жел күшейіп, аяз қысады. Жас жігіттерді күтіп отырған туыстары 102-ге телефон соққан. Патрульдік полиция ротасының экипажы дереу жоғалғандарды іздеуге шықты. Түн жарымында Солтүстік айналма жолдың 12-шақырымында «Исламбұлақ» кемпингінің тұрағынан полицейлер олардың көлігін тапты. Жүргізуші мен жолаушы іште болған және көмірқышқыл газынан уланып, ұйықтап қалған», - деп хабарлады полиция.
Тәртіп сақшылары зардап шеккендерді көліктен шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлер шақырған. Шетелдіктер жансақтау бөліміне жатқызылды.
Тәртіп сақшылары көлікте түнеген кезде мезгіл-мезгіл салонды жылытып, ұйықтап жатқанда моторды өшіріп тұру керек екенін еске салады.