$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.03.2022, 14:58
Оқиғалар

Ақтөбеде 26 жастағы жігітті әлеуметтік желіде танысқан «қыз» үш млн теңгеге отырғызып кетті

Күдікті жеті жылға дейін сотталуы мүмкін

Ақтөбеде 26 жастағы жігітті әлеуметтік желіде танысқан «қыз» үш млн теңгеге отырғызып кетті

Ақтөбелік тұрғынды әлеуметтік желіде алдап, ақшасын жымқырған жігіт ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Күдікті Айнұр деген атпен жалған профиль ашып, әлеуметтік желі арқылы жәбірленушімен байланысқа шыққан. Екеуара танысып, араласып, кейін алаяқ жәбірленушіден түрлі себептермен қарызға ақша алып отырған. Осылайша екі ай ішінде 26 жастағы жігіт үш млн теңге ақшасынан айырылды.

Полиция қызметкерлері 27 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Жас жігіт бұл әрекетін мойындады, ол әлеуметтік желіде жалған қыздың атын пайдаланып, профиль ашып, әртүрлі сылтаулармен жәбірленушіден қарызға ақша сұрағанын айтты.

Ұсталған азаматтың осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Осы баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

«Ақтөбе облысы Полиция департаменті ақтөбеліктерге қырағы болуды, алаяқтық фактілерінің алдын алу мақсатында өз ақшалары мен бағалы заттарын бейтаныс адамдарға бермеуді ескертеді. Сондай-ақ, банкинг қызметтеріндегі құпия сөздерді үнемі өзгертіп отырыңыз, төлем жүйелерінде бар қауіпсіздік шараларын қолданыңыз», - делінген өңірлік ПД хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары