СҚО-да заңсыз субсидия алған коммуналдық компания анықталды
Мекеменің директорына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Солтүстік Қазақстанда заңсыз субсидия алған коммуналдық қызмет көрсетуші компания анықталды. Халықты сумен қамтамасыз етуші серіктестік бюджетке 20 млн теңге шығын келтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мекеменің пайдакүнем директорына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Кәсіпкер демеуқаржы алу үшін заңды тұлғалар пайдаланған су көлемі туралы актілердегі көрсеткішті төмендетіп, халық тұтынған тіршілік көзін көбейтіп жазған. Қазір өңірдегі ауыл тұрғындары үшін бекітілген тариф бойынша судың текше метрі 40 теңге болса, заңды тұлғалар үшін 800 теңге. Мемлекет коммуналдық компанияға халық тұтынған су үшін субсидия төлейді.
«Халықты ауыз сумен қамтамасыз етуші комнапиялар қатарында мемлекеттен субсидия алатындар бар. Тергеуге іліккен серіктестік басшысы демеуқаржыны көбірек алу үшін құзырлы органға бұрмаланған ақпарат жолдаған. Заңды тұлғалар тұтынған су көлемін 25 мың текше метрге кемітіп көрсетіп, 20 млн теңге көлемінде субсидия алған», - дейді СҚО Экономикалық тергеу департаментінің басқарма жетекшісі Виктория Алпеева.
Эльмира Мәмбетқызы