Қайғылы оқиға 7 қаңтар күні болған
Петропавл жылу электр станциясының жұмыс орнында күйіп қалған қызметкері Рессей Федерациясының Омбы облыстық ауруханасында көз жұмды. Иван Семендеев өткен сенбі күні Омбы қаласындағы күйік орталығына жеткізілген болатын. Денесінің 80 пайызы жидіп қалған жігіт ауыр жарақаттан айыға алмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қайғылы оқиға 7 қаңтар күні тіркелген еді. Петропавл жылу электр станциясының қызметкері ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне жеткізілген болатын. Иван Семендеевтің денесінің 80 пайызы күйіп қалған. Қалалық аурухана дәрігері жапа шегушінің жағдайы өте ауыр екенін айтқан болатын. Оның денесінің басым бөлігі жидіп кеткен. Петропавлда 4 күн ем алған Иванның беті бері қарамаған соң, туыстарының шешімімен Омбы қаласындағы күйік орталығына жеткізілген еді. Алайда ол ауыр жарақаттан айыға алмады. Араға үш күн салып, Ресей ауруханасында көз жұмды.
Марқұм соңғы жеті жыл бойы Петропавл қаласындағы 2-ші жылу желілері кәсіпорнында қазандық машинисі қызметін атқарған. Тәжірибелі маманның қалай жарақат алғаны белгісі. Дәрігерлер жапа шегушінің қазандықтан шыққан ыстық күлге түсіп кеткенін айтса, кәсіпорын басшылығы оның қазандықты тазалау барысында атқылаған күл араласқан буға күйгенін жеткізген еді.
«Әзірге тексеріс жұмыстары жүрізіліп жатыр. Алдын-ала ешқандай болжам айта алмаймыз. Арнайы құрылған комиссияның жұмысы жалғасуда. Оның қорытындысы 10 күн шамасында белгілі болады», - дейді СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының жетекшісі Қайрат Пішенбаев.
Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция депатраменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 2-ші бөлімінің 156-шы бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне енгізілген болатын. Оқиға орнында жедел іздестіру тобы жұмыс істеп жатыр. Әзірге қайғылы оқиғаның нақты себебі айтылмады.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» серіктестігінің басшылығы, ұжым мүшелері Иван Викторович Семендеевтің отбасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтады. Дәрігерлердің болжамына қарамастан біз оның соңғы демі шыққанша тәуір болып кететініне сендік. Өкінішке қарай, үмітіміз ақталмады. Қайғылы жағдай болған сәттен бастап компания тарапынан қажетті көмектің барлығы көрсетілді. Керек дәрі-дәрмекті сатып алу, сырқаттың көршілес мемлекетке жеткізілуі, Омбы күйік орталығында емдеу ақысын төлеу сынды шығындардың барлығын акционерлік қоғам көтерді. Серіктестік марқұмды жерлеу рәсімдеріне жұмсалатын қаржыны да өз бюджетінен бөледі», - деді «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның баспасөз хатшысы Андрей Агеев.
Өткен жылдың 11 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары Солтүстік Қазақстан облысының 400-ден астам кәсіпорнында тексеріс жұмыстарын жүргізіп, еңбек кодексін бұзудың 702 фактісі анықталған. Олардың басым көпшілігі еңбек қатынастарына, қауіпсіздік және еңбекті қорғауға байланысты болған. Нәтижесінде 179 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, 27 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО