ШҚО-да қатты желден жедел-жәрдем көлігі аударылып қалды

Azattyq Rýhy

Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ

Шығыс Қазақстанда қатты желден жолда келе жатқан жедел-жәрдем көлігі аударылып қалды, деп хабарлайды Semeynews.kz.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы 15 ақпанда сағат 06:30 шамасында Өскемен-Шемонаиха-РФ тасжолының 83 шақырымында болған.

“УАЗ көлігінің 35 жастағы жүргізушісі жол-метеорологиялық жағдайын ескермей, қауіпсіз жылдамдықты сақтамай көліктің кюветке аударылуына жол берген. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ, тек материалдық шығын келтірілді. Аталған көліктің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚК 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды”, – делінген баспасөз хабарламасында.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жедел-жәрдем көлігі Шемонаиха аудандық ауруханасына тиесілі екенін айтты. УАЗ көлігі Первомай кентіне шақыртуға шыққан. Оқиға кезінде көлік ішінде фельдшер және жүргізуші болған. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.

“Бұл күні жел қатты болды. Ешкім зардап шеккен жоқ. Түске қарай УАЗ көлігі кюветтен көтерілді, көлік қозғалыста”, – деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.