Оралда әйелді өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген ер адам 8 жылға сотталды
Жәбірленушілер сотталушыға жеңіл жаза берілгенін айтады
21 жастағы оралдық Анастасия Чернаяны өлтіріп, қылмысын жасыру үшін мәйітті өртеп жіберген қылмыскерге үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлтіріп алды деген баппен айыпталған Темірлан Аманғалиев сегіз жылға сотталды. Бірақ мұнымен марқұмның туыстары келіспей, сотталушыға жұдырығын ала жүгірді.
«Сот қылмыскердің кішкентай баласы бар деп жұмсақтық танытты. Ал менің жиенімнің жетім қалғанын неге ескермейді? Енді ол жауыз өзіне кесілген сегіз жылдың үштен бірін өтеп, босап шығады. Ал біз мына жақта қан жұтып, қайғырып жүрміз. Адамды өлтіріп, денесін өртеп жіберген қандықол қарақшыға кемінде 10 жыл беріп, түрмеде шіріту керек!», - дейді марқұмның анасы Светлана Лобанова
Анасының бұл үкіммен айыпталушы тарап та келіспейді. Қорғаушының айтуынша, сотталушы адам өлтіремін деп ойламаған. Сондықтан оны бұлай айыптау негізсіз.
Сот кезінде арадағы дауға ақша себеп болғаны, сотталушы марқұмның басын бетон қабырғаға соққаны белгілі болды. Осыдан кейін ол есінен танып, кейін өліп кеткен. Қылмысын жасырмақ болған сотталушы мүрдені орманға апарып, бензин құйып өртепті. 21 жастағы Анастасия Чёрнаяның күлге айналған мәйіті кейін қала сыртындағы тоғайдан табылды. Оның артында екі жасар қызы қалды.
Сотталушы Темірлан Аманғалиев осыған дейін өзі өлтірген Анастасияны түсінде жиі көретінін айтып, туыстарынан кешірім сұраған еді. Енді ол марқұмның туыстарына моральдық шығын ретінде 6 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Ал жазасын ол Оралдағы түрмеде өтейді.