«Доктор Бро» ісі: комада жатқан бүлдіршіннің жағдайы бірқалыпты ауыр
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Доктор Бро» тіс емдеу орталығында зардап шеккен бүлдіршіннің ісі қалалық ішкі істер департаментіне жолданды
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі комитет төрағасы Людмила Бюрабекова айтты. Ал, осы тіс емдеу орталығына жүгініп, артынан комаға түскен екі жасар бүлдіршіннің жағдайы бірқалыпты ауыр.
«Баланың жағдайы бірқалыпты ауыр. Тексеруге қатысты өткен аптада пресс-конференция өтті, қандай ереже бұзылғаны анықталды. Лицензиясын жұмыс істеген, анестезия салған дәрігердің сертификаты жоқ болған. Барлық тексеру құжаттары Нұр-Сұлтан қаласының ішкі істер департаменіне тапсырылды, ары қарай полиция құқықтық баға береді», - деді ол брифинг кезінде.
«Доктор бро» тіс емдеу орталығы бұл жағдайларға байланысты жұмысын тоқтатқан жоқ. Комитет басшысының айтуынша, олар айыппұл төлеп, қазір өз бетінше тиісті лицензия алуға әрекет етіп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, екі жасар зардап шеккен тіс емдеу орталығын танымал әнші Қарақат Әбілдина жарнамалаған. Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сай, медициналық қызметтерді «бірегей, барынша қауіпсіз» деп жарнамалауға тыйым салынған. Кейін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті әншінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі ешбір жазбасынан жарнама табылмағанын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, елорда тұрғыны Анастасия Зеленая қызының ес-түссіз күйге түскенін әлеуметтік желі арқылы хабарлап, оқиғаны Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз бақылауына алды.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан