Жамбыл облысында бүлікшілермен қақтығыс кезінде 149 қызметтік автокөлік зақымдалды
Облыс әкімдігі екі айдың ішінде қалпына келтіріледі
Бүгінде антитеррористік операциялар жалғасып жатқан өңірдің бірі – Жамбыл облысы. Мұнда да халықтың бейбіт митингі 4 қаңтарда басталған. Азаматтар Тараз қаласының орталық алаңына жиналып, өз шағымдарын білдірмек болған. Облыс басшысы мен әкімдік қызметкерлері жиналғандардың ортасына шығып, базыналарын тыңдап, сабырға шақыруға тырысқан.
«Халықпен сөйлесуге қаланың әкімі, қоғамдық ұйымның өкілдері, мәслихат хатшысы, жергілікті депутаттар, спортшылар шығып, түсіндірме жұмыстрын жүргізді. Оның ішінде облыс әкімінің орынбасары ретінде өзім де болдым. Ол жерде біз газдың бағасының төмендегенін және басқа да мәселелердің қарастырылатынын мәлімдедік. Сонымен қатар халықтың алдына облыс әкімінің өзі де шықты. Бірақ жиналғандардың арасында арандатушылар болды. Олар әр бұрыштан айқайлап, халыққа тыңдауға мүмкіндік бермеудің амалын жасады», - деді облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек.
Арандатушылар араласқан митинг 4 қаңтардан бастап 5 қаңтардың түнгі уақытына дейін жалғасқан. Халық бір шығып, бір таратылып, қайта жиналып жүрген. Дәулет Кәрібектің айтуынша, халық басылғаннан кейін арандатушылар арам пиғылдарын қайта іске асырып, азаматтарға тағы да орталық алаңға жиналуға үгіттеп отырған.
«Олар жиналады да, біраз уақыттан кейін тарап, содан қайтадан жиналып жүрді. Осылайша арандатушылар халықты айдай бастады. Араларында ішіп алған, сонымен қатар қандай да бір заттың әсерімен жүргендер де болды. Оларды тоқтатуға бізден бөлек тіпті үлкен ақсақалдар мен имамдар да шықты. Бірақ олар ешкімді тыңдаған жоқ. Болмаған соң жиналғандарға араларынан 20 адамды сайлап, ішке кіріп сөйлесуге ұсыныс жасадық. Бірақ оған да «ондай болмайды» деп тек айқай-шумен жауап қатты. Сол кезде қауіпсіздік департаментінің қызметкерлерінен бейбіт халықтың арасында арандатушылар бар деген ақпарат келіп түсті. Содан бірден шұғыл штаб құрылып, жиналыс өткізілді. Жиналғандардың арасында қаруланған азаматтардың бар екендігі айтылды. Бірақ біз олардан қорыққан жоқпыз. Өйткені біз қорқып жүрсек, басқалары не болмақ? Сондықтан да ол жерде облыс әкімі де, басқа да қызметкерлер де жүрді» - дейді Бердібек Сапарбаевтың орынбасары.
Осылайша халық тағы бір мәрте жиналған кезде әкімдік ғимаратына тас лақтырылып, өрт қойыла бастаған.
«5 қаңтар күні митинг түнге дейін жалғасып, біз халықпен сөйлесіп тұрған сәтте араларынан кейбірі әкімдіктің ғимаратына қарай тас лақтыра бастады. Содан соң біз ғимараттың ішіне қарай кірдік. Ал олар ғимаратты өртеуге көшті. Өрт сөндірушілер келе жатқан сәтте, олар өрт сөндіру көлігінің жолын бөгеп, жүрулеріне кедергі келтірген. Сондай-ақ жедел-жәрдем қызметіне де зиянын тигізген. Жедел-жәрдем көлігіндегі қызметкерлерге «сендер полицияға көмектеспекшісіңдер, кетіңдер» деген сияқты сөздермен қорқытқан», - дейді Дәулет Кәрібек.
Митинг алғашқыда бейбіт болғандықтан тәртіп сақшылары оларға қарсы ешқандай қару қолданбаған. Осыны тиімді пайдаланған бүлікшілер облыс әкімдігінің ғимаратына баса көктеп кірген.
Оқиғаның басы-қасында жүріп, арандатушыларды өз көзімен көрген Дәулет Кәрібек бүлікшілердің кәсіби дайындалғанын айтты.
«Бұл азаматтардың кәсіби түрде дайындалғандары көрініп тұр. Бұған дейін талай митингтерді көрдім. Бірақ мұнда «билік өкілінің сөзін бөлу» әдейі қолданылған әрекет екені көрініп тұрды. Ақсқалдарға сөз бермей, жастарды әдейі айдағандары байқалды. Әкімдіктің өкілі мінберге шығып сөйлейін десе «сен биік емессің, түс» деп, ал төмен жақтан сөйлесе артқы жақтан «естілмейді» деп әдейі айқайлап, көпшілікті алдыға итеріп жатты. Жиналғандардан «қандай талаптарыңыз бар? Араларыңыздан 20 адам сайлаңыздар, ішке кіріп сөйлесейік» десек, оған да көнбеді. Өйткені арандатушылар тек айқайлаумен болды», - дейді ол.
Мемлекет басшысы 5 қаңтардан бастап елде Төтенше жағдай енгізілетінін хабарлаған сәттен бастап, әскерлер өз жұмыстарына кірісіп, қалада тәртіп орнатыла бастады.
Ал әкімдіктің ғимараты көп ұзамай қайта қалпына келтірілмек.
«Әкімдік ғимаратының барлық жерінде азды-көпті жөндеу жұмыстарын талап ететін жерлер бар. Бұйыртса облыс басшысының тапсырмасына сәйкес 2 айдың ішінде барлығын қайта қалпына келтіреміз. Қазір облыс әкімі өзінің орнында отыр, ал кабинеттеріне зақым келген қызметкерлер уақытша басқа жерлерге көшірілді. Облыста барлық жұмыс орындары штаттық режимде қызметін жалғастырып жатыр. Коммуналдық қызметтерде ешқандай ақау жоқ. Күштік құрылымдар әлі де күзеттік жұмыстарын жалғастыруда», - деді олыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүлік кезінде Тараз қаласындағы 6 мемлекеттік ғимарат, нақты айтқанда облыс әкімінің аппараты, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы, полиция департаменті, қалалық 3 полиция бөлімінің нысандары зардап шеккен. Сондай-ақ, Шу ауданындағы «Nur Otan» партия филиалы да қираған.
Бұдан бөлек 149 қызметтік автокөлік зақымдалып, 4 бизнес нысанына шығын келген.
Жалпы облысқа келген шығын көлемі шамамен 7,6 млрд теңгені құрайды.
Облыста әлі де қоғамға қауіпті азаматтарды ұстау және қаруларды тәркілеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Бүлікшілермен қақтығыс кезінде Жамбыл облысында 15 адам көз жұмды, оның екеуі құқық қорғау саласының қызметкері.