Жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлікшілер әскерилердің қызметтік итін де ұрлап кеткен

Azattyq Rýhy

Ұрлаған жігіт итке ауласын күзеттіріп қойған

Жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлікшілер әскерилердің қызметтік итін де ұрлап кеткен

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде шабуылдаушылар сарбаздардың қызметтік итін де ұрлап кеткен. Ұрланған із кесуші ит Ұлттық Ұланға тиселілі болған.

Ефрейтор Рүстембек Байхарашев 5 қаңтар күні басынан жараланып, есінен жоғалтып алғанда бүлікшілер оның итін тартып алған. Кинолог-сарбаз «Найтспен» бірге бір жылдай жұмыс істеп келген. Оның айтуынша, ит өте ақылды, бұйрыққа үйретілген, мейірімді және тәртіпті. «Найтс» атты қызметтік ит бір аптадан соң табылып, оны ұрлаған күдікті қамауға алынды.

«Шабуыл жасаушылар басымнан ұрды, сол кезде сәл әлсірегенімді пайдаланып, бауы қолымда тұрған қызметтік итімді алып кетті. Есімді жиған кезде қылмыскерді суреттеп беруге күш таптым.  Оны бүгін қамауға алды. Полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын», - деді Рүстембек Байхарашев.

Бір-бірінен адасып қалған иесі мен ит полиция бөлімшесінде кездесті. Мүмкіндікті пайдаланып қызметтік итті қолды қылған жігіт Алматы облысының тұрғыны болып шықты. Ол «Найтсқа» ауласын күзеттіріп қойған.

«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы облысы аумағында шаһарға жақын жерде жаппай тәртіпсіздіктің белсенді қатысушы – 1989 жылы туған А.есімді азамат ұсталды. Төрт аяқты жауынгер бауға ілініп, аумақты күзетіп тұрған. Қазір ұсталған азаматтың жеке басы қайғылы оқиғалар кезінде болған басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде», - деді Әуезов аудандық ПБ бастығы, полиция подполковнигі Ұлан Әбілқайыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.