Кішкентай балалар болған: Маңғыстауда жантүршігерлік жол апатынан 4 адам қаза тапты
Куәгерлер апаттың көктайғақ салдарынан болғанын айтқан
Маңғыстау облысында екі көліктің соқтығысуы салдарынан 4 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 14 қаңтар күні сағат 20:30-да Ақтау – Жетібай тасжолының 46/47 шақырымында болған.
«Ақтауға бет алған «ВАЗ» және «Jac» көліктері соқтығысуы салдарынан төрт адам оқиға орнында көз жұмды. Аталған факт Мұнайлы ауданының Ішкі істер бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі (Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тіркелді.
Қазіргі таңда сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Lada.kz порталының жазуынша, куәгерлер апаттың көктайғақ салдарынан болғанын айтқан. «ВАЗ» көлігінің салонында болған төрт кішкентай бала оқиға орнында көз жұмған.