Жасөспірім 27 жыл бұрын жоғалып кеткен әйелдің ісін ашуға көмектесті

Әйел таныстарының үйлену тойына келе жатып, жолда ұшты-күйлі жоғалып кеткен екен

Жасөспірім 27 жыл бұрын жоғалып кеткен әйелдің ісін ашуға көмектесті
© RCMP /Джанет Фарриске тиесілі автокөлік 1992 жылы Канадада жоғалып кеткен

Канаданың Ревелсток қаласында жасөспірім 1992 жылы жоғалып кеткен әйелге тиесілі автокөлікті тауып алған, деп жазады CBS News.

Тамыз айында 13 жасар Макс Веренка анасы Нэнсимен бірге көлге барған. Олар қайықты жалға алып, серуендеп жүргенде су астында жатқан автокөлік сұлбасын байқайды. Жасөспірімнің анасының шақыртуымен жеткен полиция қызметкерлері күн тіке түсіп тұрғандықтан, қанша үңілсе де машинаны көре алмайды. Сол кезде жасөспірім GoPro камерасын алып, су астына сүңгіп барып, көлікті видеоға түсіріп көрсетіпті.

Полиция көлікті құрғаққа сүйреп шығарғанда, оның 1986 жылы шығарылған қара түсті Honda Accord екенін көреді. Салонда 1992 жылдың күзінен бері із-түзсіз жоғалып кеткен көлік иесі Джанет Фарристің мәйіті болған. 

Марқұм таныстарының үйлену тойына келе жатып, межелі жеріне жетпеген күйі ұшты-күйлі жоғалып кеткен екен. Сол уақыттары полиция Фарристің жол апатына түсіп қайтыс болғаны туралы болжам айтқанымен, оның өзінің де, көлігінің де еш ізін таба алмапты.

Құқық қорғау орындары қайғылы жаңалықты Фарристің туыстарына естіртеді. Марқұмның ұлы Джордж анасының әлдеқашан өмірден өткеніне мойынсұнып, оны іздеуді доғарған екен. Алайда, оның қандай күйге ұшырап, сүйегінің қайда қалғаны жайлы ой еш маза бермеген көрінеді. Енді бар сұрағына жауап алған Джордж анасының мәйітін 1984 жылы қайтыс болған әкесінің жанына жерлепті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.