Маңғыстаулықтар газ бағасын төмендетуді талап етіп, наразылыққа шықты

Azattyq Rýhy

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап өңірде газ бағасы бірден 120 теңгеге дейін өскен

Маңғыстаулықтарсұйытылған газ бағасының күрт көтерілуіне байланысты жергілікті биліктің баға саясатымен келіспейтінін айтып, митингке шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Lada.kz порталының жазуынша, Жаңаөзен қаласы, Ақшұқыр, Құрық ауылдарының тұрғындары наразылыққа шыққан.

«Маңғыстау облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы бүгін, 2 қаңтар күні сағат 11:00-де Жаңаөзен қаласындағы АХАЖ ғимаратының жанына көлік иелері жиналып, автогаз бағасын төмендету мәселесін талқылағанын хабарлады. Жиналғандармен қала әкімінің міндетін атқарушы Ғалым Байжанов, қала әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағамбетов, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері түсіндірме әңгіме жүргізді», - делінген хабарламада.

Жиналған тұрғындарға сұйытылған газ бағасына қатысты істің жай-күйі, сонымен қатар, «Бейбіт жиындар ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша олардың әрекеттерінің заңсыз екені түсіндірілді. Сондай-ақ бейбіт шеруге шықпас бұрын бес жұмыс күні бұрын жергілікті атқарушы органдарға өтініш берілуі тиіс екені ескертілді.

Қалалық әкімдік өкілдері жиналғандарды өз талаптарын жазбаша түрде жеткізуге шақырды. Қазіргі уақытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ жергілікті тұрғындар Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Жаңаөзен басшысы Мақсат Ибағаровқа бейнеүндеу жолдады.

Жаңаөзендіктердің айтуынша, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап «көгілдір» отын бағасы бірден 120 теңгеге дейін өскен.

Тұрғындар елдегі ең төменгі жалақыны ескеріп, газ бағасын 60 теңгеге дейін түсіруді талап етті. Сондай-ақ олар Маңғыстау облысында газ үнемі болғанын қалайтынын жеткізді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.