$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.01.2022, 12:59
Оқиғалар

БҚО-да жол-көлік апатынан бір күнде 5 адам қаза тапты

Қаза тапқандар арасында жүкті әйел мен жасөспірім бала бар

БҚО-да жол-көлік апатынан бір күнде 5 адам қаза тапты
Фото: ашық дереккөзден

1 қаңтар күні Батыс Қазақстан облысында 5 бірдей адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қайғылы оқиға Самара – Шымкент тасжолының 313-шақырымында болған.

«Тойота Прадо» және «ВАЗ 2112» көліктері соқтығысып, апат салдарынан төрт адам қаза тапты, оның ішінде жүкті де әйел бар. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың денесін көлік ішінен құтқарушылар алып шықты», - делінген хабарламада.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жол-көлік оқиғасынан үш баланың зардап шеккенін атап өтті. Балалар көлікпен ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы туралы әзірге ақпарат жоқ.

«Сондай-ақ Зашаған шағынауданы мен Деркөл елдімекенін жалғайтын айналма жолда тағы бір адам өлімі болды. Hyundai Santa Fe және Volkswagen Polo көліктерінің соқтығысуы салдарынан 2012 жылы туған жасөспірім қайтыс болды. Ол балалар ауруханасына бара жатқан жолда есін жимай көз жұмды», - делінген ПД хабарламасында.

Аталған жол-көлік апатынан зардап шеккен үш адам ауруханаға жеткізілді.

«1984 жылы туған әйелде жабық білек сынығы, 1993 жылы туған әйелде жабық бас-ми жарақаты болды, миы шайқалған, білек сүйектерінің жабық сынуы анықталды. 1971 жылы туған ер адамға жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалу және соққыдан денесінің көгеруі диагнозы қойылды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы – Жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Тәртіп сақшылары көлік жүргізу кезінде абай болуды, жылдамдықты шектен асырмауды еске салады. Сондай-ақ ауа райының нашарлауына байланысты көлікпен жүрмеуге және қаладан шықпауға кеңес береді.

Серіктес жаңалықтары