Алматы облысында жүк тасушы токқа түсіп қайтыс болды
Марқұмның туыстары жауаптылардың жазалануын талап етіп отыр

Алматы облысындағы ірі базарлардың бірінде жүк тасушы жоғары кернеулі желінің астына контейнер орнатып жатқанда тоқ ұрып ажал құшты, деп хабарлайды КТК арнасы.
Өйткені желілер жерге төмен орналасқан. Оның үстіне марқұмның туыстары сымдардың заңды жолмен тартылғанына күдіктенеді . Жаға ұстатар оқиғадан кейін базар басшысы сол бойы ізім-ғайым жоқ болған. Ал Айдын Құрбанбаевтың қазасына жақындары электр желісін тартқанда салғырттық танытқандардың жазаға тартылғанын талап етеді.
Қайғылы жағдай Еңбекшіқазақ ауданына қарайтын Бәйдібек би ауылында осыдан бір апта бұрын болған. 15 жыл бойы жүк тасушы болып істейтін Айдын Құрбанбаев базар басшылығының тапсырысымен жоғары кернеулі желінің астында тұрған контейнерді орнатады. Артынша түземекші болғанда тоқ ұрып, денесін бірнеше метрге ұшырып түсірген.
Марқұмның туыстары алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсете алмай, аман алып қала алмаған дәрігерлерге де ашулы. Жедел жәрдемді үш мәрте шақыртыпты. Айтуларынша, бірінші келгендері жөнді тексерместен, «өлді» деп кетіп қалған. Қалғандары тоқ соққанда алғашқы көмектің қандай болатынын білмейді дейді. Жүрек қағысы соғып тұрғанын байқаған туыстары шарасыздан тоқты жерге сіңдіру үшін қақиып қалған денені топырақпен көмген.
Бұл токтың кернеуі 35мың вольт. Дәл астында бірнеше контейнер тұр. Мал базары болғандықтан, бұл маңда жексенбі күні ине шаншыр жер болмайды. Сондықтан электр мамандары бір кісінің өмірін қиған желі ертең жүздеген адамды өлтіруі әбден мүмкін деп дабыл қағады. Марқұмның жақындары жоғары кернеулі желінің астына контейнер қойдыртқан тапсырыс берушілерді кінәлап, тоқтың жерге өте төмен тұрғанын айтады. Сөздерінше, бұл желі заң бойынша 15 метр биіктікте, жан-жағынан 25 метр қашықтықта болуы керек.
44 жастағы Айдын Құрманбаев отбасының жалғыз асыраушысы еді. Артында бес баласы қалды, оның төртеуі кәмелетке толмаған. Енді олар әкесінің суретіне қарап жылағаннан басқа шарасы жоқ. Ал әкімдік бұл мал базары жекеменшік, араласа алмаймыз деп басын ала қашты.
«Бұл аймақ Қазақстан ауылы округіне қарағанымен, жексенбілік Райымбек мал базары. Жекеменшік сектордағы Ақбұйымов Ержан деген жеке кәсіпкердікі. Соның қарамағындағы, соның жекемешік аймағы.Тиісті органдарға хат жазылады. Жексенбілік Райымбек мал базарына тексеру жүргізіледі. Соған тиісті шаралар қолданамыз», - деді , Қазақстан ауыл округінің әкім аппараты маманы Азат Тілеуке.
Қайғылы оқиғадан кейін хабарсыз кеткен базар басшысы бұқараның базынасына бас ауыртпайтын сыңайлы. Өйткені марқұмның туыстарына «білгендеріңді істеп алыңдар, менің қатысым жоқ» деп кеткен екен.
Ал полиция бұл дерек бойынша сотқа дейнгі тергеу жүргізіп, сараптама тағайындап істің мән-жайын анықтауда. Айдын Құрбанбаевтың қайғыдан қан жұтқан жақындары жауаптылардың жазалануын талап етеді.