Алматыда көшеде өтіп бара жатқан бозбаланы бір топ жігіт соққыға жығып кетті
Жәбірленуші қазір ауруханада жатыр

Алматыда өтіп бара жатқан адамдар бір бозбаланы жабыла сабаған топ жігітті видеоға түсіріп алған. Қалалық полиция департаменті төбелескендердің жеке басы анықталғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа сәйкес, оқыс оқиға Шаляпин және Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы кафе маңында болған.
Видеоны желіге жүктеген автордың айтуынша, 28 желтоқсанда түнде бір топ жас жігіт інісін сабап кеткен: бірі тоқпақпен ұрса, екіншісі басынан тепкен.
Жәбірленушінің жағдайы, туысының айтуынша, ауыр деп бағалануда, ол қазір ауруханада жатыр.
«Аталған факті ҚР ҚК 107-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Күдіктілерді ұстау бойынша жедел іс-шаралар кешені ұйымдастырылды. Олардың жеке басы анықталды. Енді оларды ұстау – уақыт еншісіндегі іс», - деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.
Құзырлы ведомство қылмыстық іс аясында сот-медициналық сараптама тағайындалатынын атап өтті.